Коронавирус вакцинасын ЖРВИ маусымы басталғанға дейін алған жөн - маман

Автор: Azattyq Rýhy

Алматылық дәрігер коронавирусты жұқтырудың барынша қауіпті жолын атады

Azattyq Rýhy / Батыржан Беспаев

С.Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ алғашқы медициналық-санитарлық көмек кафедрасының меңгерушісі, PhD философия докторы Динара Маханбетқұлова инфекцияның ауа арқылы таралуы аса қауіпті екенін айтты.  

«Коронавирус, әдетте, науқастан дені сау адамға түшкіру, жөтелу және сөйлесу кезінде бөлінетін сілекей немесе шырыштың ең кішкентай тамшылары арқылы тасымалданады. Вирус өте патогенді, яғни науқастан сау адамға оңай таралады. Сондықтан коронавирустың алдын алу үшін әлеуметтік қашықтықты сақтау өте маңызды», - деді дәрігер.

 Д. Маханбетқұлова дерт жұқтырудың барынша қауіпті жолы ауа тамшылары берілуі екенін, дем алған кезде вирус бірден тыныс жолдарына терең еніп, сол жерде тез көбейетінін, өкпеге әсер ететінін атап өтті.

 «Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша аурудың жеңіл түрі шамамен екі аптаға созылады. Аурудың ауыр және асқынған түрі бір жарым айға созылуы мүмкін. Адам сауыға бастағанда симптомдар жойылып, сараптама оңала бастайды. Егер пневмония болса, онда компьютерлік томография белсенді дерттің төмендегенін көрсетеді. Айтарым, адам емделген соң тағы екі апта карантинде болуы керек, себебі ол вирустың тасымалдаушысы болып қала береді», - деді дәрігер.

 Д. Маханбетқұлова коронавирустың орташа және ауыр түрімен ауырған барлық науқастар оңалтудан өтуі керек деп есептейді. Оңалту кезеңінің ұзақтығы өкпенің зақымдану пайызына байланысты, яғни зақымдану көлемі неғұрлым үлкен болса, оңалту кезеңі соғұрлым ұзақ болады.

«Ауыр КВИ-ден кейінгі оңалту аурудың клиникалық ерекшеліктерін, жеке және психологиялық факторларды ескере отырып, мүмкіндігінше ертерек, кешенді және ұтымды жүргізілуге тиіс. Пневмониямен ауыратын науқасты оңалту неғұрлым ертерек басталса, қалпына келтіру кезеңі соғұрлым қысқа болады және асқыну ықтималдығы азаяды», - деп жалғастырды сөзін Д. Маханбетқұлова.

Маман коронавирустан жазылған барлық науқасқа жалпы емдеуші дәрігерге көрінуді ұсынды. Олар қандай тексеруден өту керектігін және басқа мамандандырылған дәрігерлерге баруды анықтайды.

 Динара Маханбетқұлова сақтық шараларынан бөлек, иммундық жүйеге қосымша жүктеме түсірмес үшін маусымдық ЖРВИ мен тұмаудың басталуына дейін вакцина алу керегін айтты.