Шымкентте 22 адамды егеуқұйрық тістеп алды

Биыл егеуқұйрықтарды жоюға бюджеттен 6 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінген

Шымкентте 22 адамды егеуқұйрық тістеп алды
Фото: ашық дереккөзден

Шымкентте егеуқұйрық тістеп алған 22 адам тіркелді. Биылғы көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 13 адамға аз деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі vera.kz-ке сілтеме жасап.

Биыл егеуқұйрықтарды жоюға бюджеттен 6 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінген. Бұл сомаға жалпы сыйымдылығы 33 688 шаршы метр қоқыс контейнерлері мен қалалық өзендер мен каналдар бойындағы 2 млн шаршы метр аумақ өңделетін улы зат сатып алынды. 20 дезинфектор күзгі залалсыздандыру жұмыстарына кірісті.

«Статистикаға сүйенсек, өткен жылы 35 адамды егеуқұйрық тістеп алған. Биыл 22 жағдай тіркелді. Бұл негізінен жеке тұрғын үйлерде болады. Егер адам егеуқұйрыққа тиіспесе, ол тістемейді. Адам кемірушіні байқамай басып кетуі мүмкін. Сондай сәтте егеуқұйрық қорғаныш реакциясын іске қосады. Жалпы олардың адамға шабуыл жасаған жағдайы тіркелген жоқ», - деді ветеринария бөлімінің басшысы Манарбек Ержігітов.

У қоқыс контейнерлеріне салынады. Оны жеген егеуқұйрықтар өліп қалады. Жұмыс екі апта бойы жалғаспақ.

«Біз егеуқұйрықтарды бірінші рет улап отырған жоқпыз. Халықтың мәдениеті төмен болса, қоқысты кез келген жерге тастай салады. Ондай жерлерге егеуқұйрықтар жиналады. Мұның бәрі халықтың санитарлық мәдениетіне байланысты. Кемірушілерден құтылудың басты шарты – тазалық. Кей аулалардағы жағдай жаға ұстатады», - дейді «Дезинфекция» медициналық мекемесінің өкілі Алмазхан Сұлтанбеков.

Мамандардың айтуынша, егеуқұйрықтар көбіне қоғамдық тамақтану орындарының жанына қойылған қоқыс контейнерлерінде шоғырланады. Өйткені ондай жерден азық табу қиындық туғызбайды. Талап бойынша кәсіпкерлер мен жеке үйлердің және көп қабатты үйлердің тұрғындары өз есебінен үйлердің аумақтарын егеуқұйрықтардан тазартуы керек. Әйтпесе, қыс мезгілінде кеміргіштер көп қабатты үйлердің жертөлелеріне ін салады.

Айта кетейік, 2020 жылдың көктемінде егеуқұйрықтарды жоюға 49 млн теңге бөлінген еді.

Эльмира Мәмбетқызы

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.