Мемлекеттік сатып алудағы жемқорлықтан келген шығын 2,5 миллиард теңгені құрады

Автор: Azattyq Rýhy

Биыл сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өндірісінде 383 сыбайлас жемқорлық қылмыстық іс болған

Фото: ашық дереккөзден

Қазақстанда мемлекеттік сатып алу саласы сыбайлас жемқорлық жайлаған сала саналады. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бірінші департаментінің аға тергеушісі Данияр Биғайдаров айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. 

Агенттік мәліметінше, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың көпшілігі тендерлерді бөлуге, шарттарды заңсыз жасауға, орындалған жұмыстардың жалған актілеріне қол қоюға байланысты.

«Жыл басынан бері сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өндірісінде 383 сыбайлас жемқорлық қылмыстық іс болды, оның 202-і сотқа жіберілді және 92 адам сотталды. Осы қылмыстардан келген шығын - 2,5 миллиард теңгені құрайды, қазіргі уақытта 2 миллиардтан аса теңге мемлекетке қайтарылды», деді Данияр Биғайдаров.

Оның айтуынша, 2017 жылдан бастап Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өндірісінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактілері бойынша 318 сотқа дейінгі тергеу шаралары жүргізілген. Сонымен қатар әртүрлі сыбайлас жемқорлық қылмыстар бойынша 108 лауазымды тұлға сотталған.