Студенттер жатақханаларын тексеру басталды
Қарағандыда 2000-ға жуық студент жатақханаға мұқтаж
Қазақстан бойынша студенттер жатақханаларын тексеру басталды. Рейдті «Jas Otan» Жастар қанатының және «Nur Otan» партиясы жанындағы Жастарды қолдау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің өкілдері ұйымдастыруда.
Осылайша, «Jas Otan» Жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Елнұр Бейсенбаев және Жастарды қолдау жөніндегі өңірлік қоғамдық кеңестің өкілдері Қарағанды облысының жоғары оқу орындары мен колледждерінің жатақханаларына мониторинг жүргізді.
Мониторинг топ мүшелері болашақ дәрігерлерге арналған 400 төсек-орындық студенттік үй салынып жатқан «Қарағанды медицина университеті» КЕАҚ жатақханасының құрылыс алаңына барды. Сонымен қатар, Қарағанды техникалық университеті мен Қарағанды индустриялық университетінің жатақханаларын тексерді. Партия мүшелері жатақханалардың сумен, жылумен жабдықтауын, жарықтандыруын, санитарлық нормаларға сәйкестігін, үй-жайлардың жағдайларын тексерді.
Мониторинг қорытындысы бойынша Көпсалалы гуманитарлық техникалық колледжінің жатақханаларында бірқатар кемшіліктер анықталды. Аталған студенттер үйінің мәселесін депутат Елнұр Бейсенбаев жеке бақылауына алды.
«Біз студенттердің жайлы оқуы үшін барлық жағдайды жасауға тиіспіз. Бұл мәселе, менің ойымша, осындай тікелей осы оқу ордасындағы басшылықтың салғырттығы. Олар ақшаның жетіспеушілігі туралы айтады, бірақ біз мұнда қарапайым санитарлық нормалар сақталмайтынын көріп отырмыз. Екі адамға арналған бөлмеде үш адам орналастырылған. Ыстық су жоқ, өрт қауіпсіздігі нөлге тең. Қарағандының уәкілетті органдары барлығын ретке келтіріп, қолға алуы тиіс деп есептеймін», - деп атап өтті ол.
Қарағандыда 2000-ға жуық студент жатақханаға мұқтаж. Орын жетіспеушілігі мәселесі ішінара шешілуде. Жақында 800-ден астам жас 6 жаңа және жөнделген ғимаратта тұра алады. «Jas Otan» Жастар қанатының жетекшісі Нұржан Жетпісбаев бұл мәселе олардың жеке бақылауында екенін атап өтті.
«Бұл жұмысты біз әлі де жалғастырамыз. Қазір жатақханаларды жыл соңына дейін жойылуға тиіс бұзушылықтарды анықтау үшін тексерудеміз. Тексерулерден кейін ЖОО басшылығына ұсыныстар береміз және министрлік деңгейінде жұмыс жүргіземіз. Жыл соңына қарай қайта мониторинг жүргізіледі. Ең басты міндет – студент жастардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсарту», - деді ол.
Биылғы жылдың тамыз айынан бастап жасотандықтар жастарды қолдау жөніндегі кеңес мүшелерімен, жергілікті атқарушы органдармен, Төтенше жағдайлар аумақтық департаменттерімен, жергілікті полиция қызметтерлерімен, жастар ұйымдарымен бірлесіп жоғары оқу орындарының және ТжКБ-ның 126 жатақханасына тексеру жүргізді. Жүргізілген мониторинг еліміздің 10 жатақханасында жүйелі сипаттағы маңызды проблемаларды анықтады. Бұл лас үй-жайлар, тұрмыстық бөлмелер, ас үйдің, оқу залдарының болмауы, авариялық жағдай, шамадан тыс жүктеме, жатақханалардағы орындардың жетіспеуі және т. б.
Мониторинг нәтижелері бойынша жоғары оқу орындары мен техникалық және кәсіптік орта білім беру мекемелерінің басшылығына жағдайды жақсарту жөнінде тиісті ұсынымдар жолданады.