Қордайдағы вакцина шығаратын зауыттың құрылысы аяқталды

Автор: Azattyq Rýhy

Облыстағы вакцина алуға тиісті тұрғындардың 72,5 пайызы екпе салдырған

Құрылыс барысы, 2020 жылдың қарашасы

Жамбыл облысындағы вакцина шығаратын зауыттың құрылысы аяқталып, дайын өнімді құюға толық дайын. Бұл туралы Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Президентке берген есебінде айтты.

Әкімнің айтуынша, жұмыс кестеге сай жүргізілуде. Зауыт пен Биологиялық қауіпсіздік проблемалары жөніндегі ғылыми зерттеу институтының қызметкерлеріне арналған үйлер мен акт залы бар дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жалғасып жатыр. 

Облыстағы вакцина алуға тиісті тұрғындардың 72,5 пайызы екпе салдырған.

Еске салайық, 2020 жылдың маусым айында Қордай ауданының қала үлгісіндегі Гвардейский кентінде ҚР БҒМ Ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институты (ҒЗИ) жанындағы вакцина шығаратын биофармацевтикалық зауыттың құрылысын басталды.