Байзақтағы жарылыс: облыс басшысы Тоқаевқа есеп берді
Жарылыс салдарынан 106 тұрғын үй, 12 коммерциялық және 4 әлеуметтік нысан қираған

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың Байзақ ауданында болған төтенше жағдайдың салдарын жою жөніндегі есебін тыңдады. Мемлекет басшысы мен өңір әкімі телефон арқылы сөйлесті.
Президентке 122 жылжымайтын мүліктің, соның ішінде 106 тұрғын үй, 12 коммерциялық және 4 әлеуметтік нысанның қирағаны жөнінде баяндалды.
Қазіргі уақытта 12 мекеме, 23 техника мен 185 жұмысшы қайта қалпына келтіру жұмыстарына жұмылдырылған.
Жамбыл облысы әкімінің айтуынша, бүгінге дейін 62 тұрғын үй жөнделген. Жалпы қайта қалпына келтіру жұмыстарын 10 қарашаға дейін аяқтау жоспарланып отыр. Жібек жолы ауылындағы қираған №5 орта мектептің орнына жаңа мектеп салынады.
Бердібек Сапарбаевтың мәліметі бойынша 26 адам стационарда ем алып жатыр. Олардың 15-і госпитальда емделіп жатқан әскери, полиция және Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің қызметкері.
«Жарылыстан қаза болғандардың отбасыларына материалдық көмек көрсетілуде, сондай-ақ зардап шеккен отбасылардың жұмыссыз мүшелерін жұмысқа орналастыру мәселесі шешіліп жатыр. Екінші деңгейлі банктерге қарызы бар мұндай отбасылардың кредиттерін өтеу мәселесі толық шешілген», - делінген ҚР Президенті баспасөз хатшысы Берік Уәли таратқан хабарламада.Зауыт пен Биологиялық қауіпсіздік проблемалары жөніндегі ғылыми зерттеу институтының қызметкерлеріне арналған үйлер мен акт залы бар дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жалғасып жатыр.
Әңгімелесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев облыс әкіміне осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыру жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.
Естеріңізге салайық, 26 тамыз күні кешкі уақытта Жамбыл облысының әскери бөліміндегі қоймалардың бірінде жарылыс болды. Нәтижесінде жалпы саны 16 адам қаза тауып, 100 шақты адам жарақат алды. Тағы бір адам іздестіріліп жатыр.