Олар тергеу барысында 6 млн теңге көлемінде пара бермек болған
Түркістан облысы әкімдігінің білім басқармасы әдістемелік орталығының басшысы мен екі қызметкеріне, сондай-ақ, Шымкент қаласының серіктес-тұрғынына қатысты 36 млн астам теңгені жымқыру дерегі бойынша қылмыстық істі қозғалды.
Қаржылық мониторинг агенттігінің Шымкент қаласы бойынша аумақтық департаментінің хабарлауынша, бұл ақша орта мектеп оқушылары мен колледж студенттерін республикалық спорт шараларына дайындау шеңберінде тамақтандыруға арналған.
Олар қаражатты жымқыру үшін спортшылар үшін өздері қол қойған. Яғни, бюджеттен қаражат бөлінгенмен, спортшыларды тиісті деңгейде даярлау жүргізілмеген.
Сондай-ақ, тергеу барысында айыпталушылар алдын ала сөз байласу арқылы оларға қатысты жүргізіліп жатқан тергеудің оң шешімі үшін ЭТД жедел қызметкеріне 6 млн теңге сомасында пара бермек болған.
Әдістемелік орталықтың қызметкерлеріне 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды
Қазір қылмыстық іс Шымкент қаласының прокуратурасында. Өзге ақпарат жария етуге жатпайды.