Алматы облысында жемқорлық қылмысы тыйылмай тұр

Автор: Azattyq Rýhy

Жыл басынан бері пара алу фактісі бойынша 59 жағдай тіркелген

Azattyq Rýhy / Батыржан Беспаев

Алматы облысында мемлекеттік шенділер жемқорлыққа жиі барады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігініңАлматы облысы бойынша департаменті биыл 8 айда тіркелген жемқорлық фактілерін жариялады. Департаменттің мәлімдеуінше, жыл басынан бері 87 қылмыстық құқықбұзушылық анықталған. Оның ішінде 78,2%-дан астамы (68 құқықбұзушылық) жемқорлық қылмысымен байланысты. Пара алу бойынша 59 қылмыс тіркелген.

Жемқорлық қылмысына барғаны үшін өңірде 154 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

«Есептік кезеңде бақылаушы органдардың лауазымды тұлғалары тарапынан кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласудың 10 фактісі анықталды (26 қылмыс) 35 лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылды, 10 кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары қорғалды.

Мемлекеттік бағдарламаларды сүйемелдеу аясында 23 қылмыс тіркелді. 18 тұлға жауапкершілікке тартылды, келтірілген залал 133,3 млн теңгені құрайды, 940,1 млн теңге көлеміндегі залал өндірілді», - дейді Агенттіктің Алматы облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Жандос Жұмабаев.