Бұл туралы Бауыржан Байбек өзінің Twitter-дегі парақшасында хабарлады
Партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың келісімімен «Nur Otan»-ның Хатшысы қызметіне Арман Қырықбаев тағайындалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Бұл туралы жетекші партия Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек өзінің Twitter-дегі парақшасында хабарлады.
Арман Қырықбаев – Қазақ мемлекеттік басқару академиясын, ҚР СІМ дипломатиялық академиясының түлегі. Әр жылдары Nur Otan партиясында, Мәдениет және ақпарат министрлігінде, Сыртқы істер министрлігінде жұмыс істеді.
Ол қоғамдық-саяси жұмыс департаментінің директоры, мәдениет комитетінің төрағасы, мәдениет және ақпарат вице-министрі, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары, «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда» республикалық басылымдары, «Қазақфильм» АҚ, «Nur Media» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы және т.б. бірқатар қызметтер атқарды. 2015 жылдан бастап 2019 жылға дейін Алматы қаласы әкімінің орынбасары болып, онда ішкі саясат, білім беру, денсаулық сақтау сияқты салаларды қадағалады.
Партия хатшысы ретінде Арман Қырықбаев қоғамдық-саяси бағытқа, Қоғамдық саясат институты, «Жас Отан» ЖҚ, сарапшылар қауымдастығымен бірлесіп жұмыс істеу сияқты бағыттарға жауапты болады. Төрағаның бірінші орынбасары оның партиядағы, сонымен қатар орталық және жергілікті мемлекеттік органдардағы мол жұмыс тәжірибесінің арқасында, ол алға қойған барлық мақсаттар мен тапсырмаларды табысты жүзеге асыратынына сенім білдірді.
Ал осыған дейін партия Хатшысы қызметін атқарған Ғабидулла Оспанқұлов Үкімет қаулысымен Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі болып тағайындалды. Ол жастарды қолдау және азаматтық қоғаммен өзара байланыс салаларын қадағалайды.
Бауыржан Байбек оған атқарған жұмыстары үшін алғысын білдіріп, табыс тіледі. Оның айтуынша, соңғы алты айда партия алаңдарында мемлекеттік тілді, ұлттық мәдениетті дамыту, балалардың құқығын қорғау мәселелері бойынша көптеген жұмыс атқарылып, өңірлердегі жастарымен жұмыс күшейтілді.