Бұрын құжаттарды қарастыру үш айға созылатын
Қандастардың Қазақстан азаматтығын алу рәсімі жеңілдетіліп, мерзімі қысқартылды. Жыл басынан бері Қазақстан азаматтығына 2 935 отандасымыз осындай тәртіппен қабылданды, деп хабарлайды Azattyq-Ruhy ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ҚР Ішкі істер министрлігі этникалық қазақтардың Қазақстан азаматтығын қабылдау тәртібін жеңілдету үшін біршама шара қабылдады.
«2021 жылғы 1 қаңтардан бастап қандастарға бір мезгілде Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алуға және Қазақстан азаматтығына қабылдауға құжаттар ұсыну мүмкіндігі заңды түрде енгізілді. Бұрын олар бұл процедуралардан бөлек өтетін, ал тұрақты тұру рәсімі 2 айға созылатын. Бұдан соң бір ай ішінде тұруға ықтиярхат дайындалды, содан кейін ғана Қазақстан азаматтығына алдын ала құжат тапсыруға болады. Бұл 3 ай көлемінде қаралатын», - делінген хабарламада.
Қазір барлық үш кезең бір уақытта өтеді.
«Қазіргі уақытта осы мысал бойынша қандастарға қандас куәлігін беруден бастап азаматтыққа қабылдауға дейінгі жұмыстарға тартылған барлық мемлекеттік органдардың (ЕХӘҚМ, СІМ, ІІМ, АҚДМ, жергілікті атқарушы органдар) жұмысының бірыңғай алгоритмі енгізілуде», - делінген хабарламада.