Елорда әкімдігі Кіші Талдыкөлдің болашағына қатысты түсінік берді
Нұр-Сұлтан қаласының бас жоспарына сай Талдыкөл көлінің шығыс бөлігі жағында бірқатар тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар бой көтермек. Мамандардың айтуынша, құрылыс жұмыстары көлдің суын сақтап қалуға еш кедергі келтірмейді. Алайда сол маңдағы Кіші Талдыкөл тазалау жұмыстарын қажет етеді. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі ұйымдастырған брифингте айтылды.
«Кіші Талдыкөл Нұр-Сұлтан қаласының су қорының тізімінде ешқашан болмаған. Кіші Талдыкөл деген көл жоқ. Менің бұл туралы айтып жүргеніме екі жылдай уақыт болды. Бұдан бөлек, 1976 жылы ғарыштан түсірілген сурет те бар. Ол жерде Талдыкөл өзені көрсетілген, бірақ оның айналасында ештеңе жоқ. Яғни, Кіші Талдыкөл деп отырғанымыз ағынды судың, атмосфералық жауын-шашынның жиналған орны», - деді Нұр-Сұлтан қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрлан Ұранхаев.
Аталған аумақта жаңа су қоймасының құрылысы басталмақ. Ол жасанды бола ма, әлде сондағы су сақтала ма, әзірге белгісіз. Белгілісі - бүгінде Кіші Талдыкөлдің жер асты суы әбден ластанған.
«Кіші Талдыкөл алғашқыда батпақ (болота) жер болған. Оның үстіне Целиноград кезінде ол жерге кәріз қалдықтары төгілген. Қаланың ішінде сасық, былғанған көл болмауы керек. Бұл БҰҰ-ның экостандартымен белгіленген. Бұл ретте әкімдік тиісті шешім қабылдады. Яғни көлшікті түгелдей кептірмей, оның орнына 20 гектар жерге су қоймасын жасамақ. Оның айналасын саябаққа айналадырады. Бұл экологтар үшін кішігірім болса да жеңіс», - деді «Байтақ болашақ» РҚБ президенті Азамат Әміртай.
Қалалық құрылыс басқармасының басшысы саябақтан бөлек, Талдыкөл маңында өзге де маңызды нысандардың салынатынын хабардар етті.
«Қаладағы инфрақұрылымдық жұмыстардың ауқымын көбейтпес үшін біз қаланың осы бағытын дамытып жатырмыз. Болашақта ол жаққа екі газ қазандығын салу жоспарланған. Сондай-ақ, су, электр және кәріз желілері тартылған», - деді Нұрлан Ұранхаев.
Брифинг барысында Нұрлан Ұранхаев елордалықтардың Кіші Талдыкөлдегі тазалау жұмыстарына қарсылық акцияларын антиваксерлердің әрекетімен теңестірді.
«Мұның барлығы антиваксерлердің әрекетіне ұқсайды. Адамдар екпе алу керектігін жақсы түсінеді. Бізде де сондай мәселе, бұл мәселені экологиялық апат деуге келмейді, бірақ Кіші Талдыкөл кеуіп кеткен. Ондағы жер эрозияға ұшырауда. Жергілікті жұртқа залал келтіргіміз келмейді. Біз керісінше, барлығы жақсы әрі қолайлы болғанын қалаймыз», - деді басқарма басшысы.
Айта кетейік, Талдыкөл көлінде бүгінде Қызыл кітапқа енген 200-ден аса құс түрі мен өсімдіктің 90-ға жуық түрі бар. Сондай-ақ, аталған аумақ «Астана-Технополис» арнайы экономикалық аймағына тиесілі.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан