Ол 1982 жылдың наурызында ота жасатып, содан кейін оянбаған
Францияда ұлттық құраманың футболшысы Жан-Пьер Адамс 73 жасында қайтыс болды. Оның 39 жылын спортшы медициналық қателіктік кесірінен болған комада өткізген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy BBC-ге сілтеме жасап.
Жан-Пьер Адамс 1982 жылдың наурызында Лион қаласындағы ауруханалардың біріне тізесіне жоспарлы ота жасатуға барған. Алайда дәрігердің салғырттығынан сол күйі наркоздан оянбаған.
Сол күні Францияда дәрігерлердің жалпы ереуілі өтті. Дәрігерлердің көбі сол жаққа кеткендіктен, ауруханада бір ғана анестезиологтің жұмыс істеуіне тура келген. Осылайша бір сәтте 8 операцияға жауап берген маман анестезияға арналған препараттың дозасын абайсызда шатастырып алған. Сондай-ақ, Адамсты тағылымдамадан өтіп жүрген жас маман да бақылаған, алайда кейінірек ол мұндай жұмысқа дайын емес болғанын мойындады.
Мамандардың жіберген қателігінен Адамстың миына зақым келіп, ол 39 жыл өмірін комада өткізген. Сонымен қатар, аталған іске қатысты анестезиолог пен интерн тек 1990-шы жылдың ортасында жазалаға тартылды. Нақтырақ айтқанда, олар бір айға жұмыстан шеттетіліп, 750 евро көлемінде айыппұл төлеумен құтылған.
Ауруханада 15 ай жатқаннан кейін Адамс өз үйіне шығарылды, онда оған өмірінің соңына дейін әйелі Бернадет қарады.
Жан-Пьер Адамс 1948 жылы Сенегалда дүниеге келген. Жастар футболына 1960 жылдардың ортасында келіп, мансабының соңына дейін орталық қорғаушы болып ойнады. Спортшы Ницца және Пари Сен-Жермен футбол клубтарында өнер көрсеткен. 1972-76 жылдары Франция құрамасы үшін 22 матч өткізді.