Nur Otan-да әлеуметтік тұрғын үйлер сапасына қатысты шағымдар қаралды

Автор: Azattyq Rýhy

Ақтау қаласында әкімдік 2-ші топтағы мүгедекке раковинасы, унитазы және ваннасы жоқ жалдамалы пәтер бөлген

«Nur Otan» партиялық бақылау комитетінің Facebook желісіндегі тікелей трансляциясы барысында әлеуметтік осал топтағы азаматтарды сапалы және қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мәселелері қаралды.

Партияның баспасөз қызметінің мәліметінше, Nur Otan-ның сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі жол картасы аясында биыл 17 миллион шаршы метр тұрғын үй салу жоспарлануда, оның 2,5 миллионы халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын жандарға арналады. Жыл басынан бері 7,7 миллион ш.м. тұрғын үй немесе 66 мың пәтер пайдалануға берілді.

Алайда, партиялық бақылау комитетінің мүшесі Әнуар Ілиясованың айтуынша, пәтерге мұқтаж жандар саны артып келеді. Қазір тұрғын үй кезегінде 577 мың отбасы тұр. 2019 жылдың қаңтарынан 2021 жылдың қыркүйегіне дейін 113,8 мың тұрғын кезекте тұр. Олардың көпшілігі – әлеуметтік осал топтағы азаматтар.

«Соңғы уақытта әлеуметтік тұрғын үй салуға және оны бөлуге байланысты партияның қоғамдық қабылдау бөлмелеріне өтініштер саны артқанын айтқым келеді. Мәселен, Ақтау қаласында әкімдік 2-ші топтағы мүгедекке раковинасы, унитазы және ваннасы жоқ жалдамалы пәтер бөлген. Атырау облыстық партия филиалына көпбалалы аналардан шағым түскен. Олардың тұрғын үй кешеніндегі есіктердің сапасы өте нашар, қабырғалары жарылған, ал қыста ішкі және сыртқы ауа температурасы бірдей. Соңғы бір жарым жылда осындай шағымдардың 11 мыңнан астамы түсті», – деді Әнуар Ілиясова.

Бұл ретте, халықтың әлеуметтік осал топтарына 2017-2019 жылдары пайдалануға берілген 21,5 мың пәтердің 8%-ы азаматтардың осы санатына жатпайтын адамдар арасында бөлінген, ал пәтерлердің тағы 12%-ы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның және аумақты абаттандырудың болмауына байланысты бөлінбеген.

«Мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру аясында пайдалануға берілетін тұрғын үйдің сапасы, өкінішке қарай, көп жағдайда көңіл көншітерлік емес», – деп атап өтті Комитет төрағасы, Мәжіліс депутаты Артур Платонов.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев 2015 жылы құрылыс сапасын бақылау толығымен жергілікті атқарушы органдардың, мемлекеттік сәулет-құрылыс басқармасының қарамағына берілгенін нақтылады.

«Олар тексерістерді азаматтардың өтініштерінен кейін ғана жүргізеді. Салынып жатқан нысандарды тексеру – 6,9% болды. 10 529 нысанға 725 тексеру жүргізілді. Қала тұрғындары инженерлік-коммуналдық желілердің жүктемелеріне, көлік кептелістеріне және т.б. жағдайларға алып келетін тығыз салынып жатқан құрылыстарға шағымданатыны жасырын емес. Бұл мәселелер әкімдіктер әзірлейтін егжей-тегжейлі жобалау жоспары бойынша реттеледі. Біз жоспарлардың барлық қала құрылысы нормаларына сәйкестігі тұрғысынан мемлекеттік сараптамадан өтуі тиістігін заңнамалық түрде бекітуді ұсынамыз», – деді Қайырбек Өскенбаев.

Вице-министр әлеуметтік тұрғын үй салумен әкімдіктердің орнына кейіннен сатып алуға болатын жеке сектор айналысқаны жөн деген пікірін білдірді.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрінің айтуынша, құрылыс процестерінің ашықтығын көрсету мақсатында және тұрғын үй құрылысының сапасын бақылауды қамтамасыз ету үшін «Е-Qurylys» бірыңғай ақпараттық жүйесі әзірленуде. Ол жұмыс барысын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді. Жүйе 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс істей бастайды.

Мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру барысында бюджет қаражатын жұмсауға байланысты көптеген қаржылық заң бұзушылық фактілері Комитет мүшелерінің сауалдарын туғызды.

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру бойынша Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті 21 млрд. теңге сомасында заң бұзушылықтарға жол берді. Бұдан басқа, комитеттің 10 млрд теңгеден астам бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану фактілері анықталды. Бұл жерде нақты ақпаратсыз Комитетке 21 млрд. теңгеге бюджеттік өтінім қалай мақұлдануы мүмкін деген сұрақ туындайды», – деді Әнуар Ілиясова.

Ол сондай-ақ, «Бәйтерек девелопмент» АҚ-да (қазір Қазақстан тұрғын үй компаниясы) тиімсіз жоспарлау анықталғанын да атап өтті. Олар жобалау сметалық құжаттамасы болмаған немесе әзірлену барысында БҚО, СҚО, Қарағанды және Павлодар облыстарында 19 млрд теңгеден астам сомаға бірқатар жобалардың құрылысын қаржыландырған.

Отырыс қорытындысы бойынша, Партиялық бақылау комитеті Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне және Ұлттық экономика министрлігіне халықтың аз қамтылған және әлеуметтік осал топтары үшін тұрғын үй салуды жеке арнайы мемлекеттік бағдарламаға бөлуді, сондай-ақ осы бағыттағы бюджеттік қаржыландыруды көбейту мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Нұротандықтар пәтерлерді беру процесін жеделдету үшін мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде халықтың аз қамтылған және әлеуметтік осал топтары үшін коммерциялық құрылыс компанияларынан дайын инженерлік инфрақұрылымы бар тұрғын үй сатып алу тетігін енгізуді ұсынды.

Еске сала кетейік, «Nur Otan» партиясының сайлауалды уәделері аясында 2025 жылға қарай 1 миллионға жуық отбасы үшін, оның ішінде 284 мың көпбалалы және кедейлік шегінен төмен отбасылар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, жетім балалар үшін 103 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Ауылдық жерлерде жыл сайын жеке тұрғын үй салу үшін инженерлік желілермен қамтамасыз етілген 22 мың жер учаскесі бөлінеді.