«LV Force» қаржы пирамидасының бас ұйымдастырушысы ұсталды
Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтарды қырағы болуға шақырады
Қазақстанда «LV Force» қаржы пирамидасының бас ұйымдастырушысы ұсталды. Бұл туралы Ақмола облысы бойынша Қаржы мониторингі агенттігі аумақтық департаменті баспасөз қызметінен хабарланды.
«Еліміздің 8 өңірінде қаржы пирамидасының филиалдары жабылып, бас ұйымдастырушы ұсталды», - делінген Қаржы мониторингі агенттігі хабарламасында.
Жаңа салымшылардың жарналары есебінен заңсыз байытудың қылмыстық схемасына азаматтарды үгіт-насихат және мессенджерлер мен электрондық пошталар арқылы хабарламалар жіберу арқылы тарту жұмыстары жүргізілгені анықталды.
Агенттік азаматтарды қырағы болуға және қысқа мерзімде үстеме пайда алу жөнінде күмәнді ұсыныстардан аулақ болуға шақырады.
Бұған дейін «LV Force» қаржы пирамидасына 2 мыңнан астам азамат тартылып, келтірілген шығын 450 млн теңгеден асқаны белгілі болды.