Биыл Нұр-Сұлтанда 68 шағын бизнес субъектісі мемлекеттік грантқа ие болды

Автор: Azattyq Rýhy

Бағдарлама іске асырылғалы бері бас-аяғы 400-ге жуық ШОБ субъектісі қолдау тапты

Фото: ашық дереккөзден

Нұр-Сұлтанда 68 шағын бизнес субъектісі кәсібін дамыту үшін мемлекеттік грантқа ие болды. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

«Бизнестің жол картасы 2025» кәсіпті қолдау бағдарламасы аясында мемлекеттік өтеусіз грант беру конкурсына Нұр-Сұлтан қаласында тіркелген және бизнесті іске асыруды жоспарлап отырған шағын бизнес субъектілері қатыса алады. Бұл конкур жыл сайын өткізіледі.

«Биыл мемлекеттік грантқа 68 кәсіпкер ие болды. Бағдарлама іске асырылғалы бері бас-аяғы 400-ге жуық шағын бизнес субъекті қолдау тапты. Өтінім беру кезеңі мен қажетті құжаттар туралы ақпарат Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің сайтына жарияланады», - деді Нұр-Сұлтан қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының бас маманы Айжан Нұрматова. 

Мемлекеттік қолдау пандемия салдарынан қиын жағдайға тап болған кәсіпкерлер үшін бұрынғыдан да пайдалы болмақ. Сондай-ақ, бұл грант кәсіпкерлердің өз өндірісін көбейтуіне мүмкіндік берді. 

«Мен сәндік үлгідегі кірпіштер, ғимарат сыртындағы плиткалар және бетон полистиролының құрылыс блоктарын өндірумен айналысамын. Кәсібімді бастапқыда достарыммен бірге сәндік кірпіштен бастағанбыз. Алдымен олардың балконынан бастадық, ары қарай тапсырыстар шыға бастады. Осыдан кейін барып шағын бөлмені жалға алу туралы шешім қабылдадық. Уақыт өте келе бұл бөлме де тарлық ете бастады. Себебі, қасбеттік плиткаларға тапсырыс түсті. Көп ұзамай «Даму» мен әкімдік шағын және орта бизнесті дамыту бағдарламасын жасап жатқанын, оған 5 млн теңге көлемінде грант беретінін білдім. Бағдарламаға қатысып, 5 млн теңге ұтып алдым, оны қажетті жабдықтар алып, қасбеттік кірпіштер, құрылыс блоктарын өндіруге жұмсадым», - деді сәндік кірпіш өндіруші Әлихан Аманқұлов.