Дүнгендер ауылында қазақ сыныбына баратын оқушылар саны көбейген
Масаншы ауылында тұратын дүнген диаспорасына мемлекет жаңа мектеп салып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қордай ауданы Масаншы ауылында 1200 балаға арналған жаңа мектеп ашылса, "Күнбатыс - 2" ауылында да 150 оқушы сыятын шағын мектеп пайдалануға берілді. Оқу орындарының ашылуына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты. Аймақ басшысы Масаншыдағы жаңа мектептің спорт, мәжіліс залдарын, кітапханасы мен асханасын, сынып бөлмелерін аралады. Мектеп құрылысына бюджеттен 1 миллиард 200 миллион теңге қаражат бөлінген. Бұл мектепке әл-Фарабидің есімін беру жоспарланып отыр. "Күнбатыс - 2" ауылындағы 150 орындық жаңа мектепте 147 оқушы білім алады. Оларға 20 мұғалім дәріс береді.
Мектептің салынуына 529 миллион теңге қаржы жұмсалған. Масаншы, Күнбатыс, Сортөбе ауылдарының тұрғындары бұл жаңалықты ерекше қабылдап, өз ризашылықтарын жеткізді.
«Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай елімізде көптеген игі істер атқарылуда. Оның шапағатын біздің Масаншы ауылы да сезініп отыр. Ауылға газ кірді, таза ауыз су бар, жол жөнделді. Енді міне, заманауи үлгідегі жаңа мектеп ашылды. Бұл тұрғындарға деген үлкен жанашырлық. Сол үшін ел Президентіне, облыс әкіміне алғыс білдіремін. Қазір Қордайда тұрғындардың бәрі тату-тәтті, ынтымақ-бірлікте өмір сүріп жатыр», - деді Масаншы ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Дыдыр Двумаров.
Қордайдағы оқыс оқиғадан соң бұл ауданға былтыр ел бюджетінен 36 миллиард теңге бөлінді. Нәтижесінде былтыр 4, биыл тағы 4 спорт кешені, биыл 4 мектеп және тұрғын үйлер салынып жатыр. Қазіргі таңда облыс аумағында 21 білім нысанының құрылысы жүріп жатыр. Жаңа оқу жылы қарсаңында облыста 7 мектеп пайдалануға берілген еді.
«Жаңа оқу жылын жаңадан салынған кереметтей зәулім мектепте бастағанымызға өте қуаныштымыз. Былтыр ел Президенті Қордайға келгенде біз ол кісіге жаңа білім ошағын салу жөнінде өтініш айтқан едік. Мемлекет басшысының қолдауын көп ұзамай сезініп отырмыз. Бұрынғы мектеп ескі, сынып кабинеттері аз болатын, спорт залы жоқ еді. Енді міне жаңа мектепте үлкен спорт зал, робототехника кабинеттері бар», - деді қазақ тілі мен әдебиті пәнінің мұғалімі Шехуар Мумарова.
Қордай сапарында облыс әкімі Б. Сапарбаев Сортөбе ауылында құрылысы аяқталған тұрғын үйлердің кілтін табыстады. Мұнда екі пәтерлі 20 тұрғын үй салу жоспарланған әзірге 10 үйдің құрылысы толық аяқталған. Қалған 10 үйдің жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. Сонымен қатар, «Асар» жобасы аясында көпбалалы анаға жаңа пәтердің кілті табысталды.