$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
06.09.2021, 09:43
Жаңалықтар

Алматыда 45 мың ит пен мысыққа чип салынады

Бұл қаңғыбас ит пен мысық санын азайтып, олардың жоғалып кетпеуіне көмектеседі

Алматыда 45 мың ит пен мысыққа чип салынады
Фото: ашық дереккөзден

Алматыда 45 мың ит пен мысыққа чип салынып, барлық мәлімет бірыңғай дерек базасына енгізіледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алматыда үй жануарларының санын гуманистік тұрғыдан реттейтін осындай жоба қолға алынды. Оның аясында қаңғыбас ит пен мысықты стерилизациядан да өткізу қарастырылған.

Алматыда алдағы үш жылда 45 000 үй жануарына микрочип салу жоспарланған. Бұл қаңғыбас ит пен мысықтың санын азайтуға, сондай-ақ олардың жоғалып кетпеуіне көмектеседі. Яғни, иесін тауып, үйге қайтаруға мүмкіндік бермек. Ал жануарлар туралы барлық мәліметтер Pet Control арнайы деректер қорына енгізіледі. Бұл бағдарлама ұстап алынған немесе табылған ит пен мысықтың жәй-күйін анықтап береді.

«Егер қараусыз жүрген итті ұстап алған жағдайда оны уақытша ұстау изоляторына орналастырады.Сол жерде клиникалық тексеруден өтеді. Чипінің бар-жоғын қарайды. Pet Control мәліметтер базасынан иесінің қайда тұратынын анықтап, онымен хабарласып қайта табыстайды. 408-бап бойынша үй жануарын ұстау мен серуендеу ережелерін бұзған жағдайда жауапқа тартылуы да мүмкін», - деді қалалық кәсіпкерлік және инвестиция басқармасы ветеринария бөлімінің басшысы Әйгерім Жақсылық.

Қаңғыбас ит пен мысықтың санын азайтуға бағытталған тағы бір бағдарлама - стерилизация мен кастрация. Үш жыл ішінде бұл процедурадан 28 мың үй жануары өтеді. Стерилизацияны жылына екі рет - ақпан мен тамыз айларында жүргізу жоспарланып отыр.

«Бізде осы мәселеге тұрғындар бей-жай қарайды. Ит немесе мысығы балалаған соң оны көшеге тастап кете береді. Жауапкершілік алмайды. Бұған жол бермес үшін үй жануарларын стерилизациядан өткізіп отыру керек. Бірақ оған көпшілік ақшасын қимайды. Қаңғыбас үй жануарларының басым бөлігі бұрын қолда ұсталған. Олардың көбі серуендеуге бос жібере салғандықтан жоғалып кеткен», - деді қоғамдық қордың президенті Юлия Коваленко.

Осы жылы үй жануарларын тегін стерилизациялау және кастрациялау бағдарламасы аясында 4 мыңға жуық ит пен мысық қамтылмақ. Оған 50 млн теңгеден астам қаражат бөлінді. Сонымен қатар жануарларға құтырмаға қарсы вакцина егіледі. Бұл жұмыстар осы айдың ортасында басталып, 2024 жылға дейін жалғасады. Үй жануарлары паналайтын орындар да назардан тыс қалмайды. Бұл мақсатқа бюджеттен 4 миллионнан астам теңге жұмсалады.

Серіктес жаңалықтары