БҚО-ның бас салықшысы өзіне бағынышты қызметкердің қылмысы үшін отставкаға кетпек

Автор: Azattyq Rýhy

Қазір департамент басшысының өтініші Қаржы министрлігінде қаралуда

Жанболат Тілеулес, фото: inbusiness.kz

11 тамыз күні Орал қалалық соты Мемлекеттік кірістер басқармасының экс-басшысы Нұрлан Алхиевке қатысты үкім шығарды. Ол 1 мың АҚШ доллары көлемінде пара алғаны үшін ұсталды.

Сот шешімінен кейін - 2 қыркүйекте Батыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Жанболат Тілеулес өз еркімен жұмыстан босату туралы өтініш берді. Қазір департамент басшысының өтініші Қаржы министрлігінде қаралуда. Әзірге БҚО-ның бас салықшысы Жанболат Тілеулес жұмыс орнында, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.  

Жанболат Тілеулес Салық басқармасының жетекші маманы лауазымынан алдымен Атырау облысында, содан кейін БҚО-да Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысына дейін көтерілді.

Еске салайық, 27 тамызда Орал қалалық сотының Мемлекеттік кірістер басқармасының бұрынғы басшысы Нұрлан Алхиевке қатысты үкімі заңды күшіне енді.

Қылмыстық істер бойынша сот 1 мың АҚШ доллары көлемінде пара алғаны үшін Нұрлан Алхиевті кінәлі деп танып, оған 23,7 миллион теңге мөлшерінде айыппұл салды. Мемлекеттік қызметте, мемлекеттік ұйымдарда және квази-мемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымды қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырып, жәбірленушілерге өтемақы қорына 58,3 мың теңге өндіріп алды. Бұл ретте сотталушы сот залындағы қамаудан босатылды.

Ал 24 жастағы Жанболат Тілеулес 2019 жылдың мамыр айында БҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы болып тағайындалған болатын. Нұрлан Алхиев Орал қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының бастығы лауазымына оның бұйрығымен қабылданды.