Павлодарда коронавируспен жансақтау бөліміне түскен нәрестенің жағдайы ауыр

Пневмонияға шалдыққан бала өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған

Фото: ашық дереккөзден

Павлодарда жансақтау бөлімінде КВИ жұқтырған екі бала жатыр, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz

Онлайн өткен баспасөз жиынында Павлодар облыстық балалар жұқпалы аурулар ауруханасы директорының инфекциялық стационар жөніндегі орынбасары Зере Садақова қазіргі уақытта КВИ жұқтырған 56 бала ауруханада жатқанын айтты. 

«Балалардың көбі - 6 жастан асқандар. 6 жасқа дейінгі 20 бала бар. 2 бала жансақтау бөліміне жатқызылған. Олардың бірі - 15 жастағы бала. Ол жүйкелік синдром бойынша бұрыннан есепте тұрған, басқа ауруы бар. Ауруханаға 26 тамызда түскен болатын. Бүгін негізгі бөлімге ауыстырылуда», - деді Зере Садақова.

Спикердің айтуынша, жансақтау бөліміндегі екінші бала - 1 жаста. Нәресте 18 күннен бері реанимацияда жатыр.

«Кішкентай балада коронавирустық пневмония болған. Өкпесінің 36 пайызы зақымданған. Жағдайы жақсарып келе жатқан болатын. Бірақ соңғы 2 күнде нашарлауда. Ол көкірекаралыққа ауа жиылуына байланысты. Бұндай жағдай сирек кездеседі. Бала өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Толық көлемде емдеу қабылдауда», - деді Зере Садақова.

Айта кетейік, бүгінде Павлодар облысында КВИ анықталған барлығы 144 бала ем қабылдауда. Сондай-ақ коронавирус жұқтырған 32 жүкті әйел ауруханада жатыр. 6 әйел ауыр жағдайда.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.