Тоқаев Швейцария президентін биыл Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды

Автор: Azattyq Rýhy

Қазақстан Президенті швейцариялық әріптесінің назарын бірлесіп атқарар бірқатар перспективалық жобалардың бар екеніне аударды

akorda.kz

БҰҰ Бас Ассамблеясы 74-ші сессиясының алаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Швейцария президенті Ули Маурермен екіжақты кездесу өткізді. Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметі хабарлайды.

Кездесу барысында мемлекеттер басшылары екіжақты күн тәртібіндегі кең ауқымда  өзекті мәселелерді талқылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан-Швейцария арасындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейде екенін атап өтті.

– Швейцария – Қазақстан үшін екі жақты сауда және инвестиция көлемі бойынша Еуропадағы негізгі әріптес. Біздің елдеріміз банк, құрылыс және аграрлық салалардағы жобаларды белсенді дамытып келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті швейцариялық әріптесінің назарын қаржылық қызметтер, машина жасау, химия және фармацевтика, ауыл шаруашылығы, азық-түлік, туризм салаларында бірлесіп атқарар бірқатар перспективалық жобалардың бар екеніне аударды.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Ули Маурерді биыл Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.