Петропавлдағы қоғамдық көліктерде картамен төлеу жүйесі енгізіледі

Автор: Azattyq Rýhy

Карта арқылы төлейтіндер қаражатын біраз үнемдейді

1 қыркүйектен бастап Петропавлдағы қоғамдық көлікте картамен төлеу жүйесі енгізіледі. Сараланған тарифке сай қолма-қол ақшамен есеп айырысатындар жол жүру билеті үшін көбірек шығындалады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Қалаішілік бағытта жүрген әр автобуста валидаторлар орнатылады. Егер олар істен шығып қалса, жолаушы мүлде ақша төлемеуге құқылы. Карта арқылы төлейтіндер қаражатын біраз үнемдейді. Өйткені қолма-қол ақшамен есеп айырысатындар үшін жол ақысы 50 теңгеге қымбаттамақ, яғни 130 теңге болады. Ал карта иелері үшін бұл сома 80 теңге. Қоғамдық көліктердің қызметін пайдаланатындар арнайы карта сатып алуы керек. Немесе NFC модулі бар банк карталарын да қолдануға болады.

«Арнайы карталарды қаланың «Тайга» базарынан, «Караван» дүкенінен,  «СҚО Автокөлік Одағы» қауымдастығынан, Вокзалдағы диспетчерлік пунктен,  «DOSTYQ mall» сауда үйінен сатып алуға болады. Жолаушылар тасымалымен айналысатын компаниялар жаңа жұмыс жүйесіне әзірленуде», - дейді «ALEMPAY»  ЖШС Петропавл филиалы директоры Бауыржан Құсайынов.

Қалалық әкімдік жақында қоғамдық көлікте тегін жүре алатын тұрғындардың 12 санатын белгіледі. Оларға 1 және екінші  топтағы мүгедектер, ҰОС ардагерлері, аз қамтылған және көп балалы отбасылардың мүшелері кіреді.

«Бүгін қала көшелерінде 20 бағыт бойынша 220 қоғамдық көлік қызмет көрсетеді. Автобус паркі жуырда көптен күткен жаңа 80 көлікпен толықты. Оның 25-сі бағытқа шығып та үлгерді. Петропавлда қоғамдық көлік қызметінің сапасы біршама жақсарып қалды», - дейді Петропавл қалалық әкімдігінің баспасөз хатшысы Әсем Айтулова.

Дегенмен, қаладағы қоғамдық көліктердің жұмысына әлі де шағым көп. Жолаушылардың айтуынша, кейде оларды ұзақ күтуге тура келеді.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО