Бүгін – Жалпыұлттық аза тұту күні
Жарылыс салдарынан қаза тапқандар саны 13-ке жетті
Бүгін 29 тамыз – еліміз бойынша Жалпыұлттық аза тұту күні.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 29 тамызды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.
«Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы адам өліміне әкеп соқтырған қайғылы оқиғаға байланысты 29 тамызды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялаймын. Қаза болған әскери қызметшілер мен құтқарушылар ерен ерлік пен нағыз жанқиярлық көрсетті. Ерлеріміздің есімі ел жадында мәңгі сақталады», - деп жазды Мемлекет басшысы Twitter-парақшасында.
Сондай-ақ төтенше оқиға салдарынан бірнеше адамның қазаға ұшырауына байланысты Қазақстан Республикасында Жалпыұлттық аза тұту жариялау туралы Президент Өкімі шықты.
«Жамбыл облысының Байзақ ауданында оқ-дәрілер қоймасындағы өрт пен жарылыстардың салдарынан адамдардың қазаға ұшырауына байланысты Қазақстан Республикасында 2021 жылғы 29 тамызда жалпыұлттық аза тұту жариялансын», - делінген Ақорда хабарламасында.
Естеріңізге салсақ, 26 тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімдегі инженерлік оқ-дәрі сақталған қоймада сағат 19:00 шамасында қоймалардың бірінің жанында алапат өрт шығып, соңы жойқын жарылысқа ұласқан болатын.
Жарылыс салдарынан қаза тапқандар саны 13-ке жетті. Олардың арасында әскери қызметшілер, өрт сөндірушілер, құтқарушылар, әскери прокурор бар. Өлі табылған тағы үш адамның аты-жөні анықталып жатыр.
Қорғаныс және Төтенше жағдайлар министрліктері әлі бірнеше адаммен байланыс орната алмай отыр.
Бұған дейін қаза тапқан әскери қызметшілердің аты-жөні жарияланған болатын.
1. 1981 жылы туған сержант Марат Сайлауұлы Мешінбай.
2. 1979 жылы 8 қазанда туған старшина Еркін Ерікбайұлы Нәдірбеков.
3. 1981 жылы 20 маусымда туған ефрейтор Руслан Жүрсінбайұлы Жанболатов.
4. 1969 жылы туған әскерилендірілген күзет қызметшісі азамат Оразбек Дайырбекұлы Дәлібаев.
5. Оңтүстік өңірдің әскери прокуроры әділет полковнигі Арман Қапезов.
Қайтыс болғандар арасында азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері де бар.
1. Жамбыл облысы ТЖД «ӨСжАҚЖҚ» ММ Тараз қ. 3-ӨСБ өрт сөндіруші-құтқарушы Арнұр Серікұлы Темірболатов.
2. Жамбыл облысы ТЖД «ӨСжАҚЖҚ» ММ Тараз қ. 3 – ӨСБ аға өрт сөндіруші-құтқарушы Елдос Қадырбайұлы Сандыбаев.
3. Жамбыл облысы ТЖД «ӨСжАҚЖҚ» ММ Өрт сөндіру кезекші қызметінің жедел кезекшісі, өрт сөндіру басшысының орынбасары Александр Николаевич Микропуло.
4. Жамбыл облысы ТЖД «ӨСжАҚЖҚ» ММ Тараз қаласы 1 – МӨСБ аға өрт сөндіруші-құтқарушы Тәңіберген Кұдайбергенұлы Төребеков.
5. Жамбыл облысы ТЖД «ӨСжАҚЖҚ» ММ бастығының орынбасары Мейіржан Қақпасынұлы Айманов.