Байзақ ауданында болған жарылысқан 5 адам қаза тапты
ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Жамбыл облысындағы әскери бөлімде болған жарылысқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Жамбыл облысында болған төтенше жағдай бәрімізді алаңдатып отырғаны рас. Мұндай сын-сағатта, ең алдымен, сабыр сақтаудың маңызды екені түсінікті.
Қазір апат аумағындағы ахуал Мемлекет басшысының бақылауында. Президентіміздің тапсырмасымен тиісті органдардың басшылары оқиға орнына шұғыл барып, облыс басшылығымен бірлесіп әрекет етуде. Сондай-ақ, Байзақ ауданында жедел штаб құрылып, құтқарушылар, әскери қызметшілер, дәрігерлер және басқа да белсенді азаматтар жұмыс істеп жатыр.
Өкінішке қарай, қаза тапқандардың бар екені белгілі болды. Опат болғандардың отбастары мен жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз және апаттан зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тілейміз», - деп жазды ол Facebook парақшасында.
Еске салайық, 26 тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімдегі қоймалардың бірінің жанында өрт шықты. Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, барлығы 10-ға жуық жарылыс болған. Салдарынан 5 әскери қызметші қаза тапты, ауруханаға түскендердің ішінде 6 адамның жағдайы ауыр. Сонымен қатар, із-түзсіз жоғалып кеткендер де бар.