Өртенген үй қайта қалпына келтірілмейтін болды
Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев өрт салдарынан баспанасыз қалған 14 отбасы мүшелерімен кездесіп, оларға жаңа пәтер берілетінін айтты. Ал, отқа оранған Ақтолқын көшесіндегі үй қалпына келтірілмейді.
«Бүгін өрттен зардап шеккен 14 отбасының мәселесіне нүкте қойылды. Жетісу ауданы Ақтолқын көшесіндегі үй қалпына келтірілмейді. Тұрғындармен бірге салынып жатқан үйден жергілікті бюджет қаражаты есебінен сатып алынатын жаңа пәтерлерді қарадық. Көшуге біраз уақыт қалды. Болашақ қоныс иелеріне бақыт тілейміз!», - деп жазды қала басшысы.
Еске салайық, 13 тамыз күні Алматыда 1943 жылы салынған екі қабатты үй өртеніп, төрт адам құтқарылған еді.
23 тамызда баспанасыз қалған тұрғындар он күннен бері көбі туыстарын жағалап, өртенген үйін торуылдап, ұры-қарылардан қорғап жүргенін айтты.