2022 жылы өңірлерге республикалық бюджеттен 4,5 трлн теңге бөлінеді – Қаржы министрі

Автор: Azattyq Rýhy

Қаржы министрі «2022 - 2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын баяндады

Azattyq Rýhy / Батыржан Беспаев

2022 жылы түсімдер ағымдағы жылдың жоспарымен салыстырғанда 431 млрд теңгеге ұлғайып, 13 трлн теңге дейін жетеді. Бұл туралы Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев «2022 - 2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын баяндау барысында айтты.

«Мұнайлы емес түсімдердің үлесі биыл 56,4%-дан 2024 жылы 71,4%-ға дейін өседі. Республикалық бюджеттің кірістері 2022 жылы 9,2 трлн теңгені, 2023 жылы –  9,7 трлн теңгені, 2024 жылы – 10,4 трлн теңгені құрайды. Бюджет тапшылығы 2022 жылы жалпы ішкі өнімнің 3,3%-нан кезең-кезеңмен 2024 жылы жалпы ішкі өнімнің 2,5%-на дейін төмендейді», - деді министр.

Бюджеттің ағымдағы шығыстары келесі жылы 14,9 трлн теңге деңгейінде болмақ. Ал даму бюджетінің көлемі 2022 жылы 1 трлн теңге сомасында жоспарланып отыр.

«Бюджеттің әлеуметтік бағыты сақталды. Шығыстар құрылымындағы әлеуметтік саланың үлесі 50%-ды құрайды. Осылайша, 2022 жылы әлеуметтік салаға 2021 жылдың бюджетіне қарағанда 515 млрд теңгеге өсе отырып, 8 трлн теңге көлемінде жоспарланды. Экономиканың нақты секторын дамытуды қолдауға 2022 жылға 2 трлн теңге көзделді», - деп нақтылады Жамаубаев.

Министрдің сөзіне сенсек, 2022 жылы өңірлерге республикалық бюджет қаражаты есебінен 4,5 трлн теңге бөлінеді, бұл жалпы бюджет шығыстарының 28,3%-ін құрайды.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан