Өскеменде вакциналау паспортын сатқан бір топ адам ұсталды
Олардың қатарында емханада істейтін екі дәрігер бар
Шығыс Қазақстан облысының полицейлері вакциналау паспортын заңсыз дайындау және сатумен айналысқан бір топ адамды ұстады.
Тәртіп сақшыларының назарына Өскемен қаласындағы емханалардың бірінде істейтін екі дәрігері мен үш азамат іліккен. Олар ақшалай сыйақы үшін жекелеген азаматтарға вакцинациялау процедурасын өтпестен қызмет көрсетіп отырған. Деректер базасында ресми тіркелген бұл медициналық құжат үшін азаматтар делдалдарға 20 мың теңге және жеке куәліктерінің көшірмесін ұсынып отырған. Медициналық мекемеге барудың тіпті қажеттілігі болмаған.
Делдалдардың әрқайсы өзіне 2-3 мың теңгеден қалдырып, ал одан әрі олардың негізгі бөлігі дәрігерлерге «жолданып» отырған. Тергеу қазір бұл схема қай уақыттан бері жұмыс істеп жатқанын және қанша адам вакциналау паспортын жалған жолмен алғанын анықтап жатыр.
Медицина қызметкерлерінің айтуынша «вакциналау паспорттарын” осындай ресми әдіспен тек 20 азаматқа ғана жасадық деп мәлімдеген, алайда тергеу органының пікірінше, бұл сан әлдеқайда көп болуы мүмкін.
«ҚР Қылмыстық кодексінің 385-бабы бойынша жүзеге асырылатын сотқа дейінгі тергеу шеңберінде медицина қызметкерлерінің және оларға көмек көрсеткен тұлғалардың іс-әрекеттеріне тиісті процессуалды баға берілетін болады. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасуда, вакциналау паспортының мәліметтерін осындай жалған және заңсыз жолмен алған барлық азаматтар анықталып, олардан жауап алынуда», – деді ШҚО Полиция департаментінің бастығының орынбасары Талғат Шаяхметов.