ШұғылЕлімізде коронавирустың таралу қарқыны бәсеңдеді

Президент Алматы облысындағы «Маревен Фуд Тянь-Шань» кәсіпорнына барды

Компания инновациялық құрылғылармен тез дайындалатын азық-түлік өнімдерін  шығарады

 

Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысындағы «Маревен Фуд Тянь-Шань» кәсіпорнына барды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасай отырып.

Мемлекет басшысына кәсіпорынның мүмкіндіктері туралы мәлімет берілді. Компания басшылығының мәліметіне сәйкес 4,5 гектар аумақты алып жатқан кәсіпорынға 30 миллиард теңге инвестиция салынған. Компания Жапония, Швейцария және Германиядан әкелінген инновациялық құрылғылармен тез дайындалатын азық-түлік өнімдерін  шығарады. Жылына 85 мың тонна өнім шығаруға мүмкіндігі бар.  

Қазіргі уақытта кәсіпорын 500 миллион қаптама шығарса, соның 70 пайызы экспортталады.

«Маревен Фуд Тянь-Шань» ЖШС 670 адамды жұмыспен қамтып отыр. Оның 95 пайызы жақын маңдағы елді мекендердің тұрғындары.

Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаевқа облыс әкімі Амандық Баталов өңірдегі жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар мен облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берді.

Облыс әкімінің айтуынша, аймақ экономикасына 312 миллиард теңге инвестиция тартылып, 40 мың жұмыс орны ашылған. Биыл өңірде жалпы құны 112 миллиард теңге болатын 65 жоба іске асырылып жатыр.

Амандық Баталов Президенттің былтырғы Германияға жасаған сапарының нәтижесінде «Бауманн» компаниясы ұсақ мал етін өңдейтін қуаты 30 мың тонналық «Жетісу қой» жобасын қолға алғанын хабарлады.

Қасым-Жомарт Тоқаев облыста атқарылып жатқан инвестициялық жобаларға оң баға беріп, басталған жұмыстарды уақтылы аяқтауға тапсырма берді.