Михаил Мишустин еліміздің жылжымайтын мүлікті тіркеу үрдісі қызықтырғанын атап өтті
Іссапармен келген РФ Үкімет басшысы Михаил Мишустинге қазақстандық Цифрлық үкімет офисі таныстырылды. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қазіргі таңда ЦҮО-ға шығарылған мемлекеттік органдардың сараптамалық жүйелерінде 50-ден астам ақпараттық базаның мәліметтері өңделеді. Офисте функциялар мен бизнес-үдерістердің реинжинирингі жүргізілетін цифрлық трансформациялар орталығы бар.
Әріптестеріміз қызметтерді алу процесін жан-жақты талдап, заңнаманы зерделеп, бизнес-үдерістерді жеңілдету жолдарын қарастырып, оң нәтижеге қол жеткізеді, сөйтіп мемлекеттік органдардың тиімділігін арттырады», - деп жазды Бағдат Мусин Facebook-парақшасында.
Министр ресейлік Үкімет басшысына сондай-ақ, eGov mobile сервисін көрсетіп, еліміздің цифрлық құжаттарға өту арқылы қағаз құжаттардан бас тартқанын айтқан.
«Мемлекеттік қызметтерді көрсету аясын кеңейту жұмыстары жайлы сөз етіп, назарына Kaspi.kz қосымшасы арқылы көлікті сатуды тіркеу қызметін ұсындық.
Әрі қарай Сбер онлайн несиелеу, ал Freedom finance әлемдегі ең алғашқы цифрлық ипотеканы онлайн алу мүмкіндігін көрсетті. Өтінім беруден бастап, несие алуға дейінгі процеске бірнеше сағат қана қажет», - деді Б. Мусин.
Ол РФ Үкімет басшысын жылжымайтын мүлікті тіркеу үрдісі қызықтырғанын, сондықтан осы қызметке толығырақ тоқталғанын жеткізді.
«Бұған біздің азаматтар ХҚКО-ға бармай-ақ, нотариустар арқылы қол жеткізе алады. Пәтерді сатып алу-сату процесіне бэкте бірнеше сағат керек, ал азаматтардың 15 минуттай ғана уақытын алады. Сонымен қатар бала тууға байланысты қызметтердің проактивті түрде ұсынылатынын және басқа да қызметтерді проактивке ауыстыру жұмыстары жүріп жатқанын айттық. Өз басым Ресей әзірше мемлекеттік қызметтерді бір көзден - электрондық портал үкіметі арқылы ұсынуға бағыт алған екен деп түйдім, ал біз Kaspi.kz, Сбер, Halyk, Freedom және басқа да цифрлық платформалармен ықпалдастыруға бет бұрдық», - деп атап өтті ол.