Энергетика министрі қызметіне бір апта бұрын келген Нұрлан Ноғаев Қазақстанда Атом электр станциясын салу мәселесіне қатысты пікір білдіріп үлгерді
Дәлірек айтсақ, Үкімет отырысынан соң журналистердің сұрағына жауап бере отырып, ол энергетика министрлігі АЭС салуға қатысты позициясынан әзірге танбайды дейді.
«Қандай позицияда болдық – сол позициядамыз. Энергетика министрлігінің позициясы келесідей: энергияның қосымша көздері барда біз бұл мәселені қараймыз. Ал қазіргі таңда республика энергиямен өзін-өзі қамтып отыр. Тіпті электр энергияның бір бөлігі экспортталады», - дейді Нұрлан Ноғаев.
«Сонда, АЭС құрылысына қатысты сұрақ күн тәртібінде жабық па?» деген сұраққа Энергетика министрлігінің жаңа басшысы «жабылды деуге келмейді, қандай сатыда тұрды – әлі сонда» деп қайтара жауап берді.
Ал, жалпы, Қазақстанда электр энергиясымен қамту мәселесін жақсарту бағытындағы жұмыстарға тоқталған ол, Атырау облысында республикалық маңыздағы 310 мегаваттық Қарабатан газ-құбырлы электр станциясы пайдалануға берілгенін хабарлады.
Естеріңізге сала кетейік, Атырау облысының әкімі болған Нұрлан Ноғаев 18 желтоқсанда ҚР Энергетика министрі лауазымына тағайындалған болатын.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан