Ақмола облысында басқарма басшысының ұсталғаны расталды

Автор: Azattyq Rýhy

Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы қамауға алынды

Azattyq Rýhy / Батыржан Беспаев

Ақмола облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы пара алды деген күдікке ілінді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Ақмола облысының «Ауыл шаруашылығы басқармасы» ММ басшысына қатысты тергеу жүргізуде.

Ол облыс кәсіпкерлерінен өз өкілеттігінің аясына кіретін шешім қабылдағаны үшін ірі мөлшерде пара алды деген күдікке ілініп, 14 тамызда соттың санкциясымен күдікті қамауға алынған.

Жергілікті сайттың хабарлауынша, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Димаш Таласбаев Алматы қаласында келісілген соманың жартысын - 13 млн теңгені алған кезде ұсталған. Параның жалпы сомасы шамамен 30 млн теңгені құрауы тиіс еді.

Димаш Таласбаев Ақмола облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы болып 2020 жылдың сәуір айында тағайындалды.