Министрлік кеңесінде еліміз әскерінің тыныс-тіршілігіне қатысты өзекті мәселелер қаралды
Қорғаныс министрлігінде өткен аппараттық кеңесте әскеріміздің тыныс-тіршілігінің өзекті мәселелері қаралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ауғанстан Ислам Республикасындағы ахуалдың шиеленісуіне байланысты Қарулы Күштерде қырағылықты күшейту бойынша шаралар қабылданды. Ең алдымен, бұл арнайы операциялар күштерінің бөлімшелеріне, майдан және әскери-көлік авиациясына, әуе шабуылына қарсы қорғанысқа қатысты болып отыр.
Қорғаныс министрі өңірдегі жағдайды қадағалау және талдау, күштер мен құралдардың тәуліктік кезекшілігін ұйымдастыру бойынша міндеттер қойды. Жоғары қырағылықты қамтамасыз ету мақсатында әскери қызметшілердің кезекшілік атқаруы бойынша жүктемені бірдей бөлу қажеттілігі атап өтілді.
«Туындайтын сын-қатерді ұдайы бағалап, қазіргі уақытта біз үшін анағұрлым маңызды және негізгі күш-жігерді қайда бағыттау керек екенін айқындау қажет», – деп атап өтті генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев.
Алдағы аптада взводтардың жауынгерлік оқ атуы, әскери міндеттілермен жиындар, батальондармен бақылау сабақтары жоспарланып отырған әскерлердегі жауынгерлік оқу-жаттығу барысы туралы баяндалды.
Армиялық халықаралық ойындарға қатысушылар конкурстар өтетін орындарға келіп, 22 тамыздан бастап «АрХО – 2021» конкурстарына қатыса бастайды.
Запастағы, әсіресе тапшы мамандығы бар офицерлерді әскери қызметке шақыру мәселесі көтерілді. Атап айтқанда, армияның эпидемияға қарсы іс-шараларға қатысуы запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша әскери кафедраларда дайындалатын және офицер атағын алғаннан кейін армияда қызмет өткергісі келмейтін әскери дәрігерлердің қажет екенін көрсетті.
Заңнамаға офицер әскери атағын алған әскери кафедраны бітірушілерді міндетті түрде әскери қызмет өткеру үшін әскерге шақыру бойынша түзетулер енгізу тапсырылды.
«Барлық студенттер мен жоғары оқу орындарының басшылары әскери кафедрада оқу – бұл ойын-сауық және запастағы офицердің әскери билетті алу тәсілі емес, ең алдымен – ел мүддесі үшін Қарулы Күштерде қызмет етуге дайын екендерін түсінуі тиіс!» - деп атап өтті Қорғаныс министрі.
Күзде әскерге шақыру кампаниясына дайындалу шеңберінде әскери бөлімдер казармалық-тұрғын үй қорының жай-күйі қаралды. Мердігер ұйымдардың жеке ғимараттарды жөндеу қарқынының жеткіліксіз болуы туралы баяндалды. Олар белгіленген мерзімде тапсырылмауы мүмкін.
Бұндай бұзушылық бірінші рет болып отырмағаны атап өтілді, өйткені кейбір жағдайда құрылыс бойынша қызметтерді көрсетуге арналған конкурстарды әскери объектілерде жұмыс істеу тәжірибесі жоқ, төмен баға есебінен «кездейсоқ» ұйымдар жеңіп алады. Жалпы, қазіргі кезде Қарулы Күштердегі ғимараттарды салу және күрделі жөндеу саласындағы аутсорсингтің қолданыстағы жүйесі мерзімдерге, жұмыс сапасына және қорғаныс жағдайына теріс әсер ететін көптеген кемшіліктерді анықтайды.
Алдағы уақытта осындай жағдайларға жол бермеу бойынша жүйелі ұсыныстар енгізуге, сондай-ақ казармалық-тұрғын үй қорының уақтылы берілуін қамтамасыз етуге нұсқаулар берілді.
«Объектілерді уақтылы тапсырмаудың себебі жосықсыз мердігерлер, сонымен қатар әскери объектілерді салуды ұйымдастыру бойынша жүйелі шаралар қабылдамайтын лауазымды адамдар болып табылады», – деді қорғаныс ведомствосының басшысы.