Kazakh style: Шымкентте қонақ күткен анасы мен қызы 177 млн адам оқитын парақшаның жұлдызына айналды

Автор: Azattyq Rýhy

Суретті Gerd Ludwig есімді фотограф түсірген

фото: instagram.com/natgeo/

Шымкент қаласына жақын маңдағы ауылдардың бірінде тұратын анасы мен қызының фотосуреті 177 млн оқырманы бар америкалық National Geographic телеарнасының Instagram желісіндегі парақшасында жарияланды.

Жазбада айтылғандай, анасы мен қызы ұлттық үлгіде киініп, асханада ас әзірлеп, 20-дан астам қонақты күтуге әзірленіп жүр. Gerd Ludwig есімді фотограф түсірген суреттегі кейіпкерлердің бірі - Баян есімді 12 жастағы оқушы.

Одан бөлек, парақшада Шымкент қаласының қысқаша тарихы жазылған. Бұл шаһардың XII ғасырда Ұлы Жібек жолы бойында бой көтергені, кеңестік кезеңде өндіріс орнына айналып, қатты ластанғаны, аумағы жағынан Қазақстандағы үшінші қала екені, бүгінде бұл қалада миллионнан астам тұрғын бары айтылған.

Gerd Ludwig есімді фотограф бұл суретті парақшасында 17 шілдеде жариялаған. Ол мамыр айында Қазақстанға арнайы келіп, Нұр-Сұлтан қаласында да бірнеше жерді суретке түсірген.