Қазақстанда бұқаралық спортты одан әрі дамыту жөніндегі кеңес өтті
Бүгін Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов елімізде бұқаралық және балалар спортын дамытудың қазіргі проблемалары мен перспективалары жөнінде арнайы кеңес өткізді, деп хабарлайды Рrimeminister.kz.
Кеңеске мәдениет және спорт министрі А. Райымқұлова, салалық министрліктердің, өңірлер әкімдіктерінің басшылары және т. б. қатысты.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес спорт саласы одан әрі реформалауды талап етеді. Осыған байланысты Премьер-министрдің орынбасары мемлекеттік органдардың алдына бірқатар маңызды міндеттер қойды.
Биыл халықтың спортпен шұғылдануын кемінде 35% нәтижеге жеткізе отырып (бүгінгі күні – 31,6%), нысаналы көрсеткіштерді қайта қарау тапсырылды.
Ол үшін әкімдіктерге мемлекеттік спорттық тапсырыс көлемін ұлғайту, қосымша балалар, жасөспірімдер клубтарын, балалар-жеткіншектер спорт клубтарын ашу, мектеп және студенттер спорт лигаларының жұмысын қайта бастау есебінен балаларға арналған тегін спорт секцияларын кеңейту тапсырылды.
Сондай-ақ Қостанай, Атырау және Маңғыстау облыстарында спорт мектеп-интернаттарының болмауына байланысты осы өңірлердің әкімдіктеріне олардың құрылысын бастау мәселесін шешу тапсырылды.
Осы жылдың соңына дейін әкімдіктерге 43 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын аяқтау, Work-out алаңдары мен басқа да шығынсыз спорт ғимараттарының желісін кеңейту тапсырылды.
Спорт нысандарының толық жүктелуіне ерекше назар аудару тапсырылды.
Бұқаралық және балалар спортын дамыту мәселелері Үкіметтің ерекше бақылауында болады.