ШұғылӨткен тәулікте 3000-ға жуық адамнан КВИ анықталды

Қазақстан құрамасы алғаш рет бокстан Олимпиада «алтынсыз» қайтты

Қамшыбек Қоңқабаев пен Сәкен Бибосынов қола жүлдегер атанды

Коллаж

Токио Олимпиадасына аттанған қазақстандық 9 боксшының (қыздардан Надежда Рябец) екеуі ғана жартылай финалға жетіп, қалғаны жарыстан ерте шығып қалды. Бірде-бір қазақстандық боксшы алтын медаль түгіл, финалға жете алмай, Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең бір сүреңсіз Олимпиада өткізді.

Мәселен, 1996 жылғы Атлантада өткен жазғы Олимпиадада 8 қазақстандық боксшы өнер көрсетіп, төртеуі жүлдемен оралды. Василий Жиров алтын медаль тақса (Вэл Баркер кубогын иеленді), Болат Жұмәділов финалда жеңілді. Ермахан Ыбырайымов пен Болат Ниязымбетов қола медаль алды.

2000 жылы өткен Сидней Олимпиадасында төрт бірдей боксшымыз финалға шығып, Ермахан Ыбырайымов пен Бекзат Саттарханов - алтын, Болат Жұмәділов пен Мұхтархан Ділдәбеков күміс медаль еншіледі.

2004 жылғы Афины Олимпиадасында да қазақстандық боксшылар үш медаль иемденді. Бақтияр Артаев алтын (Вэл Баркер кубогын иеленді), Геннадий Головкин күміс медаль алды. Серік Елеуов жартылай финалда сүрініп, қола жүлдемен оралды.

2008 жылғы Бейжің Олимпиадасында бокстан бір алтын, бір қола жүлде бұйырды. Бақыт Сәрсекбаев алтын медаль алса, Еркебұлан Шыналиев қола медаль алды.

2012 жылы Лондон Олимпиадасында боксшылар 1 алтын, 1 күміс, 2 қола жүлде еншіледі. Олимпиада чемпионы атанған Серік Сәпиев Вэл Баркер кубогын да иеленді. Әділбек Ниязымбетов финалда сүрініп, күміс медаль алды. Ауыр салмақтағы Иван Дычко қола медаль таққан, Олимпиада тарихында алғаш рет әйелдер арасындағы бокста Марина Вольнова қола медаль алды.

2016 жылғы Рио Олимпиадасында Данияр Елеусінов чемпион атанды, Әділбек Ниязымбетов тағы да финалда сүрінді (күміс). Василий Левит те финалда жеңіліп, күміс медаль тақты. Ауыр салмақтағы Иван Дычко тағы да қола жүлде алып, әйелдер арасында Дариға Шәкімова медальмен оралды.

2021 жылы Токио Олимпиадасында екі боксшымыз ғана жартылай финалға шығып, екеуі де жеңілді. Қамшыбек Қоңқабаев пен Сәкен Бибосынов қола жүлдегер атанды.