Еркін күрес: Данияр Қайсанов Олимпиаданың жартылай финалына шықты

Автор: Azattyq Rýhy

Жартылай финалдағы Данияр Қайсановтың қарсыласы - әлем чемпионы, ресейлік Заурбек Сидаков

фото: olympic.kz

Еркін күрестен 74 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғайтын Данияр Қайсанов Олимпиада ойындарын жеңіспен бастады. Ол 1/8 финалда жапон балуаны Отогуро Кейсукемен кездесті. Тартысты белдесу қазақстандық балуан Данияр Қайсановтың жеңісімен аяқталды.

Олимпиада ойындарының ширек финалында Данияр Қайсанов мысырлық Амр Реда Хуссенмен кездесіп, оны 8:5 есебімен жеңді. 

Жартылай финалда Данияр Қайсанов әлем чемпионы, ресейлік Заурбек Сидаковпен кездеседі. Белдесу Нұр-Сұлтан уақытымен 15:00-ге жоспарланған. 

Еске салайық, Токио Олимпиадасында еркін күрестен 57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жартылай финалдық белдесуде қазақстандық Нұрислам Санаев жеңіліп қалды. Енді Нұрислам Санаев Олимпиаданың қола медалі үшін күреседі.