Оқиға орнынан 73 адам эвакуацияланды
Қызылордада бес қабатты тұрғын үйден өрт шығып, 73 адам эвакуацияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Өрт кеше түнгі уақытта Қызылорда қаласы Әлихан Бөкейханов көшесі 74 үйдегі тұрғын үйде болған. Оқиға орнына қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, қала прокуроры, облыстық төтенше жағдайлар департаменті және облыстық полиция департаментінің басшылары келіп, келеңсіз жағдайдың мән-жайымен танысты.
Қала әкімдігінің хабарлауынша, өрт болған бесінші қабаттағы тұрғындар қауіпсіз орындарға уақытша орналастырылды. Өрт салдарынан көмірқышқыл газына улану жағдайымен 6 тұрғын облыстық медицина орталығына жеткізілді. Олардың жағдайы дәрігерлердің жіті бақылауына алынды.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, облыстық полиция және төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері өрт ішінен 28 адамды сыртқа аман алып шықты.
«Оның ішінде кәмелеттік жасқа толмаған 7 бала бар. Полицейлер құтқарушылармен бірге жалпы аталмыш тұрғын үйден 73 адамды эвакуациялады. Өрт шыққан үйден жалпы 15 газ баллоны алынды. Тілсіз жауды ауыздықтауға 40-қа жуық полиция қызметкері, 10 қызметтік автокөлік және төтенше жағдай саласының мамандары, жедел жәрдем дәрігерлері жұмылдырылды», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.