QazVac-тың 100 мың дозасы өңірлерге жеткізіліп жатыр – министр
Отандық вакцинаның 25 мың дозасы Қырғызстанға жеткізілген
Бүгінде елімізде тапшы отандық вакцинаның 25 мың дозасы Қырғызстанға жеткізілді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Денсаулық сақтау министрі мәлімдеді. Алексей Цойдың айтуынша, вакцина бәріне жетеді.
«100 мың доза Қазақстан өңірлеріне тасымалданып, кейбіріне жеткізілді. Сонымен қатар, қауіпсіздікті тексеру кезеңіндегі тағы 600 мың доза шығарылды. Олар да тамыз айында Қазақстанның өңірлеріне жеткізіледі. Қырғызстанға гуманитарлық көмек көрсетуге қатысты, олардың тарапынан қолдау көрсету бойынша өтініш келіп түсті. Қазақстан гуманитарлық көмек алатын және оны көрсететін ел ретінде көрші бауырлас республикаға көмек көрсетті. Отандық вакцинаның басқа елдерде қолданылуы – Қазақстанның жетістігі. Әрине, олар көп көлемде сұрады, бірақ біз Жамбыл облысында өзіміздің өндірістік алаңымызды іске қосқандықтан, осындай мүмкіндік беріп отырмыз, бұл қазіргі кезде белгілі бір өндірістік қуатқа шығуымызға байланысты», - деп жауап берді ведомство басшысы.
Айта кетейік, қосымша 600 мың доза өндіріліп, қоймаларға жеткізілді.