Қазір тергеу басталды
Атырауда көлігін ұрлаған жасөспірім ұсталды, деп хабарлайды облыстық полиция департаменті баспасөз қызметі.
Бұдан 10 күн бұрын іздеу салынған 17 жастағы жасөспірімнің көлігін ұрлағаны анықталды.
«Полицияның кезекші бөліміне Атырау қаласының 39 жастағы тұрғынынан үй ауласында тұрған көліктің ұрланғаны туралы шағым түсті. Осыған байланысты полицейлер жедел-іздестіру жұмысын жүргізіп, ұрланған көлікті Исатай ауданынан тапты. Көлік ұрлығына күдікті 17 жастағы жасөспірім ұсталды. Он күн бұрын үйінен шығып кетіп, оралмаған жасөспірім ұрланған көлікпен саяхат жасамақ болғанын мойындады. Автокөлік иесіне қайтарылды», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Қазір бұл дерекке қатысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 200-бабының 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу басталды.