2032 жылғы Жазғы Олимпиада австралиялық Брисбенде өтеді
Токио Олимпиадасы биыл 23 шілдеде ашылу салтанатын өткізеді
Австралиялық Брисбен 2032 жылғы жазғы Олимпиада ойындарының астанасы ретінде таңдалды, деп хабарлайды РИА Новости агенттігі.
Мұндай шешім Токиода бүгін Халықаралық Олимпиада комитетінің (ХОК) сессиясында дауыс беру барысында қабылданды. ХОК баспасөз қызметінің хабарлауынша, Брисбендегі Олимпиаданы өткізуге 72 адам дауыс берген, бесеуі қарсы, үшеуі қалыс қалған. Айта кетерлігі, Брисбен ойындарды өткізуге ұсыныс берген жалғыз үміткер болды.
ХОК басшысы Томас Бах австралиялық Брисбеннің ұсынған презентациясына оң пікір білдірді.
«Австралиялықтар спортқа деген құштарлық пен сүйіспеншілікті көрсетті. Мен мұны екі жыл бұрын Австралияға жасаған сапарымда сезіндім. Презентация кезінде тағы да сондай сезімді бастан өткердім. 2032 жылғы Олимпиада жастарды спортпен шұғылдануға шабыттандырады. Брисбенге бай мұра қалады деп санаймын», - деді Бах.
Токиодағы ойындардан кейін жазғы Олимпиада Парижде (2024) және Лос-Анджелесте (2028) өтеді.
Бұған дейін 2032 жылғы Олимпиаданы Қытайдың Чэнду және Чунцин қалалары, Доха, Будапешт және Германияның Рейн-Рур аймағы, сондай-ақ Сеул мен Пхеньян бірге қабылдауды жоспарлаған болатын.
Австралия бұған дейін Олимпиада ойындарын 1956 жылы Мельбурнде және 2000 жылы Сиднейде өткізгенін еске саламыз.