Өзін-өзі оқшаулаудың салдарынан үйдегі тирания жағдайлары 50%-ға жиілеген

Автор: Azattyq Rýhy

Еліміздегі тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталықтарына мониторинг жүргізіледі

Фото: ашық дереккөзден

Өзін-өзі оқшаулаудың салдарынан үйдегі тирания жағдайлары 50%-ға жиілеген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне сілтеме жасап. 

2021 жылдың 1 тамызынан бастап «Қазақстанның тең құқықтар мен тең мүмкіндіктер институты» қоғамдық қорының сарапшылар тобы «Дағдарыс орталықтарының қызметін жетілдіру, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және агрессорлармен жұмыс істеу жөніндегі шараларды әзірлеу және іске асыру» әлеуметтік жобасы аясында еліміздің 17 өңірінде баспаналарға мониторинг жүргізуге кіріседі. 

Мониторинг барысында ұйымдастырушылар тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары үшін қазақстандық баспаналардың, дағдарыс орталықтарының жұмыс моделі қаншалықты тиімді, олардың қауіпсіздік жүйесі ойластырылған ба, зардап шеккендер қандай көмек ала алады деген сұрақтарға жауап беруі керек. 

Бұған дейін Қор әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспекторлар мен ювеналды полиция, учаскелік полиция инспекторлары, дағдарыс орталықтары, баспаналардың заңгерлері мен психологтары үшін онлайн тренингтер өткізген болатын.  Іс-шараға жалпы 400-ден астам адам қатысты. 

«Мониторингтің мақсаты – баспаналарда, дағдарыс орталықтарында қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнайы қызмет көрсету стандарты бойынша олардың қаншалықты жұмыс істеп отырғанын көру. Әрине, біз көрсетілетін қызметтердің сапасына назар аударамыз. Ол үшін вебинарлар мен тренингтер өткіздік. Олардың негізгі мақсаты дағдарыс орталықтары мамандарының білімі мен дағдыларын арттыру, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнайы қызмет көрсетуде кейс-менеджмент технологиясын қолдануды үйрету болды», - деді «Қазақстанның тең құқықтар мен тең мүмкіндіктер институты» ҚҚ президенті Маргарита Өскембаева. 

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректеріне сәйкес 2021 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша елде 29 баспана мен дағдарыс орталығы жұмыс істеген.

«Бірнеше ай ішінде олардың саны арта түсті. Ондағы қызметтерді мемлекеттік органдар ғана емес, барлық өңірлердегі ҮЕҰ-да мемлекеттік тапсырыс аясында ұсынады. Баспанаға және зардап шеккендерге жан-жақты көмек көрсету қажеттілігі айтарлықтай артуда», - деп хабарлайды Қор өкілдері. 

Қазақстандағы БҰҰ агенттіктері жүргізген жедел бағалау нәтижелері бойынша өзін-өзі оқшаулаудың салдарынан үйдегі тирания жағдайлары 50%-дан астам жиілеген. 2020 жылы 8 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 79 мыңға жуығына қорғау нұсқамасы толтырылған.