$ 514.65  544.6  5.17
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
15.07.2021, 21:57
Жаңалықтар

Алматыда өртке қарсы арнайы режим енгізілді

Алматыда өрттің қауіпті кезеңі наурыз айында басталып, әдетте қазан айына дейін созылады

Алматыда өртке қарсы арнайы режим енгізілді

Алматыда Іле-Алатау ұлттық табиғи паркінде от тұтатқан 27 жастағы ер адам ұсталды. Тәртіп бұзушыға 145 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Қалада өртке қарсы режим енгізілгені туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қалалық ТЖД бастығының орынбасары азаматтық қорғау полковнигі Самат Асаинов хабарлады.

Самат Асаиновтың айтуынша, Алматыда өрттің қауіпті кезеңі наурыз айында басталып, әдетте қазан айына дейін созылады. Осы уақытта ТЖД  құрамы күшейтілген тәртіпте қызмет атқарады. Табиғи өрттің алдын алу бойынша мониторинг жүргізіледі.

«Биыл шілде айында ауа-райы құбылмалы болды. Күн қатты ысыды. Аздап жауған жауын-шашыннан ауа температурасы төмендеген жоқ. Әсіресе бұл таулы аймаққа қатысты. Алайда уақтылы қабылданған  шаралардың арқасында өрттің алдын алдық. Өрттің қауіпті кезеңі басталғаннан бері  193  ағаш өртенді. Биыл құрғақ шөптің жануы 14,3%- ға, құрғақ өсімдіктердің жануы 55,2%-ға азайды», – деді Алматы ТЖД бастығының орынбасары.

Бұған дейін көктемде жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен  ауқымды жұмыс басталған. Аудан әкімдіктері жалпы ауданы 153,7 га құрғақ шөпті тазалау жұмыстарын бастады. Жер жыртылып, ұзындығы 75,57 км минералды жолақтар жаңартылды.

Сондай-ақ С. Асаинов Алматы қаласы ТЖД мен полиция қызметкерлерінен құралған мобильді тобының жұмысына тоқталды. Бұл қызметке орман шаруашылығы мекемелерінің қызметкерлері қолұшын созып, еріктілер де қатысты. Бұл топтар өрт туындауы ықтимал деген "ыстық" аймақтарды тексереді. 

«Мобильдік топтар 82 бірлескен рейд жүргізді. Демалушыларға түсіндірме жұмыстарын жүргізді. От тұтатқан 235 жағдайға тосқауыл болып, 200 жеке тұлғаны әкімшілік жауапкершілікке тартты. Оның ішінде үш адам Әкімшілік кодекстің 367-бабы бойынша жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 437 550 теңге көлемінде айыппұл салынды. Қалған тәртіп бұзушыларға қатысты ескерту жасалды», – деді С. Асаинов.

ТЖ департаментінің өкілі жыл сайын өткізілетін алдын алу шараларының арқасында соңғы 9 жылда таулы және орманды жерлерде, орман-саябақ аймақтарында өртке жол берілмегенін айтты.

«Барлық құтқарушылар таулар мен ормандарда қауіпсіз жүріс-тұрыс мәдениетін сақтағаны үшін қуанатынын айтқым келеді. Табиғатта ашық оттың жағылуына жол бермеу өте  маңызды. Құрғақ шөп пен қоқысты өртемеңіз.  Құрғақ шөпті әдейі өртейтін адамдар, жақын аймақты тазарту үшін  қауіп төндіреді. Мысалы, жеке ауланың иелері мен бағбандар  ыстық күннен кеуіп қалған шөп пен қоқысты өртеп жібереді», – деді С. Асаинов.

Полковник қала тұрғындарына от жағу фактілері қатаң түрде тоқтатылатынын ескертті. Өйткені құрғақшылық пен ыстық ауа-райында шөп тез тұтанады, бұл өртке әкелуі мүмкін. Сондай-ақ ол оңтүстік астананың тұрғындары мен қонақтарынан темекіні құрғақ шөпке тастамауды, бөтелке, сынған шыны қалдырмауды сұрады.

Өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін кінәлі адамдар бұзушылықтың сипаты мен келтірілген залалға байланысты әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін есте ұстаған жөн.

Алматы қаласы ТЖД бастығының орынбасары Алматы тұрғындарына "Қазгидрометтің" алдын ала мәліметтері бойынша шілде айының екінші жартысында және тамыз айында мегаполис аумағында аздаған жауын-шашын, сондай-ақ ауа температурасының кей жерлерде 40 градусқа дейін көтерілуі мүмкін екенін айтты.

Осы уақытта Алматы қаласы әкімдігінің, "Қазәуеқұтқару" және "Қазәуеорманқорғау" РМҚК барлық құтқару қызметтері жауынгерлік әзірлікте болады.

Серіктес жаңалықтары