ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 7,5 мың адам коронавирус жұқтырды

Нұр-Сұлтан қаласында «USTAZ ALANY» ашылады

Жаңа қоғамдық кеңістік мұғалімдерге арналады

Жатуға арналған аспалы торы (гамак) мен жарқыраған орындықтары бар тұстар, түрлі инсталляцияларға арналған орын, балалар алаңы, мастер-класс өткізуге арналған кеңістік – осының бәрі елорданың мұғалімдер саябағында орнатылады. Жаңа қоғамдық кеңістік Абылай хан даңғылы мен Пушкин көшесі қиылысында орналасқан Беласар көпірінің маңы Ақбұлақ өзені бойында абаттандырылуда, деп хабарлады қала әкімдігінің ресми сайты.

Парктің ауданы 1,2 га құрайды. Қолданыстағы саябақты қайта құру және Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-ға жақын екенін ескере отырып, демалуға арналған тыныш орындар, серуендеу және оқу орындарын құру жоспарлануда.

«USTAZ ALANY» паркі мұғалімдерге арналған. Оның айрықша ерекшелігі – шағын сәулет нысандарында. Мәселен, әр орындыққа мұғалімнің аты-жөні мен шағын өмірбаяны жазылған тақтайша орнатылады. Сонымен қатар, педагогтарға ерен еңбегі үшін алғыс ретінде грифель қабырғасы мен «Bilim japyraqtary» инсталляциясын орнату жоспарланып отыр. Елордада қала тұрғындарының таза ауада демалатын орындары көбейіп келеді. Қоғамдық кеңістіктер мен аулаларды абаттандыру бойынша жұмысты елорда әкімі Алтай Көлгіновтің тапсырмасы бойынша орындаймыз», - деп атап өтті Нұр-Сұлтан қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрлан Ұранхаев.

Саябақ аумағында алмасып оқу үшін кітап қораптарын орнату жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, саябақтың орталық бөлігінде таза ауада шеберлік сабақтарын өткізуге арналған орын ашылады. Елорданың дизайн-кодына сәйкес жарықтандырылған әткеншек орындықтары мен биікше орнатылған шамдар (торшер) аллеяны әсемдей түседі. Көгалдандыруға да ерекше көңіл бөлінбек. Ал саябақтың орталық бөлігіне емен отырғызу жоспарланып отыр.

«Бұл саябақ Ақбұлақ өзенінің жанында орналасқандықтан теңіз кейпіндегі балалар алаңқайы орнатылады. Бұдан бөлек ерекше шатырлары бар алаң ашылады»,- деді урбанистика орталығының басшысы Елнар Базыкен.

Саябақтың жағасына сарғыш рең беретін жарық пен жаяу серуендеу үшін әдемі көңіл-күй сыйлайтын гирляндалар орнату жоспарлануда. «Адамға ыңғайлы қала» идеясын іске асыру аясында кедергісіз орта құрылады.

Естеріңізге сала кетейік, биыл елорда әкімі Алтай Көлгіновтің тапсырмасы бойынша «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспары аясында 190-ға жуық аула мен қоғамдық кеңістікті абаттандыру жоспарланып отыр.

Өткен жылы 210 аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылған болатын.