Қостанайда жаяу жүргіншіні қағып кеткен автобус жүргізушісі сотталды

Автор: Azattyq Rýhy

Автобус жүргізушісі 3 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айырылды.

фото ашық дереккөзден

Қостанайда жаяу жүргіншіні қағып кеткен автобус жүргізушісі жазаға тартылды деп хабарлайды облыстық соттың баспасөз қызметі.

Сотталушы 2020 жылы 28 желтоқсанда сотталушы жолды белгіленбеген жерден кесіп өткен жаяу жүргіншіні қағып кеткен болатын.  

«1940 жылы туған жәбірленуші алған ауыр дене жарақатынан оқиға орнында қайтыс болды. Прокурор 3 жылға бас бостандығынан айыру, көлік құралдарын басқару құқығынан 3 жылға айыру жазасын беруді сұрады», - делінген хабарламада.

Жауапқа тартылған азаматтыңтұрғылықты жері мен жұмыс орны бойынша оң мінездеме, бұрын сотталмағанын ескеріліп, жазасы жеңілдетілді. Істі ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. Сотта жәбірленуші сотталушыға бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды сұрады.

«Жәбірленушінің өліміне әкелген оқиғаның ауырлығын және сотталушының жеке басын ескере отырып, сот оған ең төменгі қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтей отырып, 3 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыра отырып, 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындады. Сотталушы сот залында қамауға алынды», - делінеді хабарламада.

Сот үкімімен жәбірленушінің пайдасына 500 мың теңге көлемінде моральдық зиян өндірілді.