Қайтыс болғандардың 90 пайызының созылмалы дерттері болған.
Батыс Қазақстан облысында 53 адам жансақтау бөлімінде жатыр. Бұл туралы БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арман Қалибеков хабарлады.
Қазір жансақтау бөлімінде жатқандар саны соңғы аптада алдыңғымен салыстырғанда 11,4 пайызға артқан.
Олардың үшеуі – 50-ге дейінгілер, 10-ы – 50-60, 33-і – 60-80 жас аралығындағылар, жетеуі – сексеннен асқандар. Жансақтау бөлімшесінде жатқандардың 57 пайызының созылмалы дерттері бар.
Соның ішінде 28-і жүрек-қан тамырлары аурулары, 15-і қант диабетіне шалдыққан. Жыл басынан бері облыста 246 адам коронавирустан көз жұмса, соның 72 пайызы – 65-тен асқандар, 27 пайызы – 40-65 жас аралығындағылар, 1 пайызы – 40-қа дейінгілер.
«Вирустың мутацияланып, ковидтің жаңа штамдарының пайда болуына байланысты инфекциялық стационарлар мен жансақтау бөлімшелеріне түсіп жатқан науқастар көбейді. Олардың созылмалы дерттерінің болуы да жағдайды қиындатып отыр. Сондықтан тұрғындарға өздерін және жақын туыстарын вирустан қорғау үшін карантиндік шараларды қатаң сақтау керектігін еске саламыз», деді А.Қалибеков.
Еске салсақ, Батыс Қазақстанда соңғы аптада коронавирус жұқтырғандар саны 41 пайызға өсті.