Биыл облыс орталығында 86 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған
Ақтауда ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен бас қаланың туған күніне орай жаңа тұрғын үй кешені пайдалануға берілді. 7,9 және 12 қабаттан тұратын үйлер «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында бой көтерген. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Салтанатты шараға қатысқан Ақтау қаласының әкімі Нұрдәулет Қилыбай баспаналы болған тұрғындарды жаңа қонысымен құттықтады.
«33 шағынауданда орналасқан 670 пәтерден тұратын «Аққу-3» тұрғын үй кешенінің алғашқы бөлігі өткен айда қолданысқа берілген еді. Елорда күні қарсаңында тағы 227 пәтер кілті табысталды. Үш бөліктен тұратын тұрғын үй кешенінің қалған бөлігін аяқтау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр», - деді қала басшысы.
Биыл облыс орталығында 86 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған. Бұл үйлерді Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген бағдарламаларға сәйкес «Отбасы» банкі арқылы алуға болады.