Шара таңғы бесте Медеу мұз айдынында басталды
4 шілдеде «Спорттық Алматы» бағдарламасы аясында «Нұрсұлтан шыңы» альпиниадасы ұйымдастырылып, алматылықтар астана күніне орай Нұрсұлтан шыңын бағындырды деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Спорт шарасына қатысуға жасы 16-ға толғандарға рұқсат берілді. Альпиниадаға қатысқан тұрғындар өз шыңын Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Астана күніне арнады.
«Спорттық Алматы» қалалық бағдарламасы аясында альпиниаданы бірінші жыл өткізіп отырған жоқпыз. Биылғы іс-шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Астана күніне арналды. Шараға қатысуға ниет білдірушілер қатары артып келеді. Қатысушылар арасында жастар мен зейнеткерлер көп. Карантин шараларына байланысты биыл шектеулер болды. Сондықтан Нұрсұлтан шыңына тәжірибесі бар 100 адам ғана шықты. Ең бастысы, адамдар белсенділік танытты. Қала әкімдігі мен Спорт басқармасына қолдау көрсеткендері үшін алғыс айтамыз», - деді «Спорттық Алматы» жобасының жетекшісі Ержан Мұханов.
Альпинистердің айтуынша, Нұрсұлтан шыңы қаланың кез келген жерінен көрінеді.
Алматылық Болатбек Бейсенов спорттық шарадан алған әсері туралы айтты.
«Бүгін Альпиниадаға байланысты таңғы бесте Нұрсұлтан шыңын бағындыру үшін келдім. Жасым 55-те. Жағдайым жақсы. Тауға көтерілу өзіңе деген сенімді күшейтеді. Менен де жасы үлкен қатысушылар болды», - деді ол.
Айта кетсек, «Шымбұлақ – Нұрсұлтан шыңы» альпиниадасы жыл сайын Алматы тұрғындары арасында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында өткізіледі.