Түркістан облысында аптап ыстық кесірінен жедел жәрдем шақыртушылар көбейді

Автор: Azattyq Rýhy

Облыста ауа температурасы 40 градустан асып тұр

Түркістан облысында күннің қатты ысуына байланысты жедел-жәрдем қызметіне түсетін шақырулар саны күрт өсті. Соңғы аптада тұрғындардан күн сайын 2 мыңнан аса қоңырау түскен. Бұл туралы облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

«Түркістан облысының аумағында 25 маусымнан бастап ауа райы 40С-тан жоғарылап кеткені белгілі. Осы күннен бері халық арасында жедел жәрдемге жүгінушілер саны да көбейіп кетті. Нақтылап айтсақ, жедел жәрдем қызметіне соңғы тәулікте 2 480 қоңырау келіп түсті. Әдетте 2 мыңға жуық шақырту түсетін. Ауа райының күрт ысып кетуіне байланысты, халық арасында әсіресе жүрек қан-тамыр жүйесінің ауруларымен шақыртулар саны көбейді», - деді Түркістан облысы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Қазгидрометтің мәліметінше, алдағы аптада да күн райы ел аумағының басым бөлігінде 30 градустан жоғары болмақ.

«Елдің басым бөлігінде өте ыстық ауа-райы сақталады. Тек республиканың батысында, содан кейін солтүстік-батысында циклон шұңқырының келуімен, найзағаймен қысқа мерзімді жаңбыр, сондай-ақ бұршақтың түсуі, желдің қатты күшеюі және жылудың әлсіреуі күтіледі. Түнде термометрлер солтүстік, оңтүстік және орталықта 12-25℃ жылу, күндізгі 30-44℃ жылу, шығыста түнде 12-20℃, күндіз 27-35℃ жылу көрсетеді, ал батыста түнде 15-26℃, күндіз 28-36℃ жылу төмендейді. Алдағы онкүндікте ыстық ауа райы ҚР шығысына жетеді, ауа температурасы түнде +12+20°С-тан +20+28°С-қа дейін, күндіз +27+35°С-тан +33+41°С-қа дейін жоғарылайды», - деді Қазгидромет Ұлттық гидрометеорологиялық қызметі.