LRT құрылысы қайта жанданды: Алтай Көлгінов жобаны аяқтауға қанша қаражат жұмсалатынын айтты

Автор: Azattyq Rýhy

Техникалық сараптама жүргізуге қаражат тартылмаған жоқ, бұл жұмыс ішкі резервтер есебінен жүріп жатыр

Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов ОКҚ-да өткен брифингте құрылысы қайта жанданған LRT жобасы туралы айтты. Әкімнің айтуынша, қазір құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізерден бұрын техникалық сараптама өтіп жатыр.

«Белсенді жұмыс жүріп жатыр деп айта алмаймын. Белсенді жұмыс қаражаттың түсуіне қарай жалғасады. Қазір конкурстық рәсімдер, банктерді таңдау жүріп жатыр. Қаржыландыру көздерін анықтаған соң, жұмысты жандандырамыз», - деді ол.

Техникалық сараптама жүргізуге қаражат тартылмаған жоқ, бұл жұмыс ішкі резервтер есебінен жүріп жатыр.

«Қосымша қаржыландыру көлемін тартқан кезде жұмыс белсенді басталады. Бастапқыда 2,6 миллиард доллар болған еді. Біз оны 800 млн долларға төмендеттік және үнемдедік. Қазір жобаны аяқтау үшін шамамен бір млрд доллар қажет. Біз сыртқы қарыздарға конкурс жарияладық. Банктер анықталғаннан соң қосымша хабарлаймыз. Ниет білдірушілер болса, ішкі нарықты да қарастырамыз. Қаржыландыру көздерін іздеу конкурсы жаздың соңына дейін аяқталады», - деп атап өтті қала басшысы.

Еске сала кетейік, 2020 жылдың 2 қазанында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жеңіл рельсті көлік жобасын іске асыру кезінде 5,8 млрд теңгені жымқыру фактісі бойынша Астана қаласы әкімдігінің, «Астана LRT» ЖШС және басқалардың лауазымды адамдарына қатысты қылмыстық істі аяқтап, сотқа жолдады.

Айыпталушылар 7 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды. 

Елорданың жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бұрынғы басшысы Рашид Аманжолов 10 жылға бас бостандығынан айырылып, мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырылды. Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді.

Қалалық мәслихаттың экс-депутаты және хатшысы Жанат Нұрпейісов қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтейді, ол мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды.

Astana Innovations АҚ бұрынғы басқарма төрағасы болған Талғат Әшім жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Ол мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

ЖШС өкілі Ұлықбек Ачилов 8 жылға бас бостандығынан айырылды, жазасын орташа қауіпсіздік колониясында өтейді.

Мердігердің өкілі Дәурен Әбдіхамитов заңсыз жолмен алынған басқа тұлғалардың меншігіндегі мүлікті тәркіленіп, 8 жылға бас бостандығынан айырылды.

Мердігер өкілі Дулат Мусенов 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Мердігердің өкілі Тимур Қасабаев 8 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сол кездегі қала әкімінің орынбасары Қанат Сұлтанбеков пен «Астана LRT» басшысы Талғат Арданға халықаралық іздеу жарияланды.