Елордада жыл соңына 10 мың әлеуметтік пәтер салынады – қала әкімі
Бұдан бөлек, тұрғын үй сертификатының сомасы 1 млн теңгеден 1,5 млн теңгеге дейін ұлғайтылады
Елордада биыл құрылысы ұзаққа созылған үйлер саны 57-ге қысқарады. Осылайша, тек екі жылдың ішінде ұзаққа созылған құрылыс нысандарының саны екі есеге қысқарған. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен брифингте Нұр-Сұлтан қаласы әкімі Алтай Көлгінов хабарлады.
«2019 жылдың жазында елордада 52 үлестік құрылыс нысаны болды. 2019 жылдың жарты жылдығында біз құрылысы ұзаққа созылған 10 нысанды салып, пайдалануға бердік. Бұл 13 көппәтерлі тұрғын үй кешені. Өткен жылы 14 нысан аяқталды – бұл 20 тұрғын үй кешені. Биыл тағы 57 проблемалық көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысын аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бұл 7 мыңнан астам үлескер көптен күткен пәтеріне ие болады деген сөз», — деді елорда әкімі Алтай Көлгінов.
Сонымен қатар, қалада биыл 10 мың әлеуметтік пәтер салынып, соңғы үш жылдың ішінде қолжетімді тұрғын үй саны 5,5 еседен астам ұлғайғандығы мәлім болды.
«2018 жылы 1800 әлеуметтік пәтер, ал 2019 жылы 2 900 әлеуметтік пәтер салынса, 2020 жылы осындай 7 000-нан астам пәтер салынып, пайдалануға берілді. Биыл бұл көрсеткішті 10 мыңға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Жақында әлеуметтік аз қамтылғандар арасында кезекте тұрған отбасыларға 400-ге жуық пәтер кілті беріледі. Әлеуметтік тұрғын үйлер құрылысы қаланың барлық ауданында жүргізіліп жатыр. Мысалы, Отау, Жағалау шағын аудандарында, Пригородный елді мекені, Ш.Құдайбердіұлы, Р. Қошқарбаев көшелерінде, жаңа вокзал ауданында және т.б.», - деп атап өтті Алтай Көлгінов.
Бұдан басқа, Нұр-Сұлтан әкімінің тапсырмасы бойынша тұрғын үй сертификатының сомасы 1 млн теңгеден 1,5 млн теңгеге дейін ұлғайтылатыны белгілі болды.
«Қазақстандық тұрғын үй компаниясының (ҚИК) бағдарламасы бойынша қатысушылар санаты кеңейтілді: медицина қызметкерлері, педагогтар, әлеуметтік қызметкерлер, өрт сөндірушілер, тәртіп сақшылары, мәдениет және спорт қайраткерлері қатыса алады. Сондай-ақ, Елбасының бастамасымен қолға алынған «Жұмыс істейтін жастарға арналған сатып алу құқығынсыз жалға берілетін» бағдарламасы биыл да жалғасады. Осы бағдарлама аясында жыл соңына дейін тағы 1 мыңнан астам жас баспаналы болады», - деді қала басшысы.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан