Толымдылығы 20%-дан аспайтын театрлар мен ПТР-тесттері бар жылжымалы концерттердің жұмысына ғана рұқсат етіледі
Эпидемиологиялық жағдайдың салдарынан елорда күніне арналған іс-шаралар онлайн форматта өтетін болды, ал қалған бөлігі өткізілмейді, деп хабарлады Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Елорданың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенованың қаулысына сәйкес жабық орындар мен концерт залдардағы іс-шараларға тыйым салынған. Сондай-ақ ашық ауадағы аттракционның барлық түрінің жұмысына тыйым салынады.
Толымдылығы 20%-дан аспайтын театрлардың, сондай-ақ ПТР-тесттері бар жылжымалы концерттердің жұмысына ғана рұқсат етіледі.
Сол сияқты «Ashyq» жобасы негізінде карантиндік шараларды қатаң түрде сақтай отырып, ашық ауада өтетін іс-шараларға рұқсат етіледі.
Мысалы, 6 шілде күні «МузАрт» онлайн-концерті жоспарланған. Онлайн-трансляция бойынша барлық ақпарат Нұр-Сұлтан қаласы Мәдениет басқармасының Instagram желісіндегі @ns.madeniet парақшасында жарияланады.
Елорда күнін мерекелеу әлеуметтік жобаларға арналады және тек әлеуметтік сипатта болады. Нақтырақ айтқанда халықтың әлеуметтік осал топтары арасында кезекте тұрғандарға баспана кілтін табыстау, құрылысы ұзаққа созылған 20-ға жуық үйді аяқтау, Өндіріс және Көктал аудандарындағы ірі дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысын аяқтап, пайдалануға беру іс-шарасы өтеді.
Сонымен қатар, көру қабілеті бұзылған балаларға арналған мамандандырылған балабақша ашылады, 50-ден астам ауланың, 10-ға жуық қоғамдық кеңістіктің құрылысы аяқталады.